Әли Бақтыгереев
Әли Айдарқұлұлы Бақтыгереев

Суретшіні еске алу

Әли Айдарқұлұлы Бақтыгереев

Қазақстандық суретші және ұстаз (1962–2023)

Құланды ауылы, Арал ауданы, Қызылорда облысы

Өмірбаян

Әли Айдарқұлұлы Бақтыгереев

1962 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы Арал ауданы, Құланды елді мекенінде отбасында алтыншы болып Әли дүниеге келді. Отбасындағы жеті бала да осы Құланды ауылының сегіз жылдық мектебінде оқыған. Жасынан суретке әуес болып өскен Әлиді ауылдастары мүсінші дейді екен. Туған ауылы кейін шығармашылығында терең із қалдырды. Мектепте оқып жүрген кезінде денсаулығы сыр беріп бір жыл кеш бітірді.

Еңбек жолын Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бозой орта мектебінде көркем-безендіруші болып жұмыс жолын бастады. 1985 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Бүкіл қазақ суретшілерінің дені осы жерде оқыған білім ордасында жан жақтан келген таланттар бас қосатын жалғыз шаңырақ осы еді. Сол кезде Әли ортада өз гуманитарлық білімімен ерекшеленді. Әдебиет, дін, саясаттың кез келген тақырыбында көсіліп сөйлейтін. 1986 жылы желтоқсан болғанда жастарды қорғауға барып соққы алғандардың бірі де Әли. Бірақ кейін ешқашан желтоқсанға қатыстым деп кеуде көтермеген.

1989 жылы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтына монументалды кескіндеме мамандығына түсті. Тәуелсіздіктің кезі өте қиын кез болды. Көптеген студенттер күн көріс қамымен оқуларын тастап кетті. Сол қиын қыстау кезінде де оқуын тастамады.

Оқу бітірген соң қанша талантты болса да Әлиді ұстаздыққа институтқа ешкім шақырмады. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі жылы қарсы алған сол жаққа оқытушылық жұмысқа кетті. Әлидің ұстаздық еңбегі бір төбе. Қазақ өнерінің болашағын ойлаған ол жас суретшілерді баулып, бағыт бағдар беру ісіне ерекше көңіл бөлді. Ұстаздық өнегелі өмірі өзі тәрбиелеп өсірген қанаттарын қатайтқан шәкірттері арқылы жалғасын табуда. Шәкірттерінің алдында беделі орасан жоғары болған Әлидің әңгімелері терең, әзіл қалжыңға да бай еді.

Шығармашылық жұмыспен айналысуға да асықпады. Тапсырыс жұмыстармен ұзақ айналысты. 2001 жылы Әл Фараби ат. ҚҰУ тапсырысы бойынша істелген жұмыстары. Эскиздерін жасаған Әли Бақтыгереев. Гобеленде орындаған М.Дүйсенбаев пен Р.Байболатова.

2007 жылдардан бастап шығармашылық жұмыстарының ізденістерін бастады. Әлидің өнерде негізгі айналысатын бағыты көпфигуралы тақырыптық композициялар еді. Оның шыққан ортасы ауыл болғандықтан даланың табиғаты, адамдары, айтатын аңыздары, күйлері, эпостары, тарихы оның шығармаларының бастау бұлақтары негізгі арқауы, тақырыптары болды. Осы орайда оның «Ата-жұрт», «Қазақ батыры», «Көш», «Мұрагер», «Ошақ басында», «Дастархан басында», «Сарын», «Сары Үн» және «Жаназа» шығармаларын айтуға болады. Бұларда мифология, фольклорлық сарындар, «фон» ретінде ғана емес, шығарманың бүкіл мазмұнының өзіне айналып кеткен. Оның романтизм бағытындағы ізденістері көркемөнердегі мифологиялық фольклоризм құбылысын тудырды.

Әли Бақтыгереев шындықты іздеу барысында мифтер мен аңыздар әлеміне, ежелгі өркениеттердің тарихына және мистикалық оқуларға бет бұрды. Оның өнері Атлантида, Шамбала және Тұран сияқты ұмытылған немесе қайта жаңғырған әлемдердің рухымен сусындады. Осы шығармашылық ізденісі барысында 2015 жылы «Сарын» деп аталатын картинасын жазды. 2017 жылы ол «Сары үн» деп аталатын картинаны жазды. Осы ізденісінің нәтижесі оның символикалық-философиялық апофеозы — «Жаназа» (реквием) картинасы. Бұл Данте Алигьеридің Мұқағали Мақатаев қазақ тіліне аударған «Құдыретті комедия» атты әдеби шығармасының әсерінен туған жұмыс.

Өнер ортасына өзінің ерекше шығармашылық қабілетін мойындата отырып, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағына мүше болып қабылданды. 2015 жылы мәдениетке қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ол «Жігер» және «Шабыт» халықаралық байқауларының лауреаты, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өткен «Қазақ хандығына 550 жыл» республикалық көрмесінің жеңімпазы әрі лауреаты (2015) болды. 2019 жылы «Тұран» халықаралық өнер сыйлығымен марапатталды, бұл оның атақты шебер ретінде статусын тағы да бекітті. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанның бейнелеу өнері мен рухани мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс жарияланды.

Әли еркін ойлайтын, сүйегіне қазақ болмысы әбден сіңген, поэтикалық болмысы ерек тұлға. Әли әрқашан ұлттық идеяларды, ұлт үшін жылт еткен жаңалықты қолдады. Тұран қозғалысын қошаметпен қарсы алып өмірінің ақырына дейін қолдады.

Әли Бақтыгереев 2023 жылғы 12 қазанда өз шеберханасында кенеттен қайтыс болды. Әли шынайы суретші ретінде атақ пен даңққа ұмтылмады. Оның жан дүниесі шеберханасындағы тыныштықты, үздіксіз ізденісті қалады. Ол соңғы деміне дейін шығармашылықпен айналысты, жазды, зерттеді. Ол мәңгі ізденістің символындай болып, қолында қылқаламын ұстаған күйі, аяқталмаған полотнолардың арасында келмес сапарға аттанды.

Әли кемел шағында қайтты. Әлі өнерге берер көп еді. Халықаралық Тұран консолидациясының басы қасында болып, өнер үшін ғұмырын арнаған талантты суретші, Тәуелсіздіктің «Алтын буын» өкілі, қазақ өнерінің жаңа парағын ашқан классик Әли Бақтыгереев туралы, оның шығармашылық ғұмырын талдап тарататын арнайы зерттеулер әлі де жазылар.