Талантымен, уақыт пен күшін жұмсаған Әлидің осы тамаша жазылған туындысын көрген адам бей – жай қалмақ емес. Сурет көрінісі және оның эмоционалдық әсері ғажап. Тіпті, мұның танымдық мәні де жоғары. «Жан-тән-рухтан» жаратылған адам феноменінің тылсым құпиясын бейнелеуге түсірген. Тәңір мен ата бабамыздың өмір сүрген ортасын сырлы әлемге ұқсатқан.Үш туынды да мифтік фольклорлық таным көкжиегіне жол тартатын этно мәліметтермен толығып, бір арнаға тоғысуы да, көрерменді ойландырып еліктіріп отыруына негіз болғандай. Фольклорлық өлім тақырыбы ешкім батып бара бермейтін күрделі тақырып.
Жаназа.150x250.к,мб.2019., Сары үн. 80x100. к,мб.2017., Сарын.144,5x145.к,мб.2015 жұмыстар қазақ өнерінің алтын қорына қосылған Әлекеңнің үздік жұмыстары. Бұл жұмыстардың әрқайсысына екі жылдан уақыт кетті. Көптеген нобай, ізденістер жасалды. Бұл жұмыс мистикалық интуиция және танылмайтын шексіз ой толғандыратын құпияға толы. Көркем шығармашылық күрделі процес. Жан мен тәнге, жердегі өмір мен мәңгілік –ғарыштық мәселелеріне қатысты тақырыпты қаузағанда зерттеуші ретінде әлдеқайда тереңге кеткен. Шығармашылық жұмыстың жетістігі мағыналы мақсаттың болуы ғана емес, сыни бақылаудың күштілігі десек дұрыс болады.
Туынды жасау үрдісінде суретшілердің әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері болады. Бұл жұмыста өз болмысына үңіліп, түйсіну сезіну сипаты жаңаша. Ойдың тууы суретшінің өмірлік тәжірибесімен дайындалады. Ол дүниеге не әкелетінін қаншалықты терең білген сайын, оның қолынан шыққан туынды соншалықты айрықша, қызықты, қайталанбас болуы ықтимал. Туындының ойы, әдетте, көп біліп көп түйген сайын бір бейне, екінші бейнеге ұласып, философиялық көрініс туады. Бұл картина бірден Алтай сақтарының заманына тартады. Ортада мүйізді патшалықтың алтын маска киген жылқыдан түсіп, малдас құрып отырған сақ патшасы бейнеленген. Бұл шығармада образдар керемет киіндірілген. Әлиді қалайда өлім мен өмір мәселесі қатты толғандырған. Фольклор, мифологияны қатты білетін Әли бірден қыл қобызға жүгініп, Тәңірмен байланысқан қобызшы бұнда да бар. Шалқалақтап трансқа түскен бейнесі өте әсерлі. Қобызшы бұл жерде негізгі жоқтаушы, және аза күйін тартып жанын о дүниеге Тәңірге тапсырушы. Жас келіншек күйеуінің бетіндегі жауынгерлік қалқан маскасын шешіп мұңайып отыр. Алыстағы жоталар көгілдір бұлтты аспанмен астасып жатыр. Артқы планда бір сынтас ары бейнеленіп, бірі бері жақын көрсетілген. Жер басып өткен пенденің фәниден бақиға дейінгі аралықты қамтитын ғұмыр –дариясына, жауынгерлік даңқты тарихы туралы ойлануға жетелейді. Әруақ –рух мәселесі ежелгі ата-бабамыздың дүниетанымы екенін көрсету үшін тарихқа қатталған, ескі замандарға дейін кері жылжытқан. Автордың дүние пайымына, ынта-ықласымен құлай берілген ақиқатына таң қаласыз.Тәңірлік символикалар, белгі, ұғым, дәстүрлі түсініктер, заманасы тудырған дизайндық киімдер байлығы, жаңаша парықталып, образдардан тұтастық сезіледі.
Осы шығармашылық ізденісі барысында, Әли Бақтыгерей 2015 жылы «Сарын» деп аталатын картинасын жазды. Бұл жұмыс оның өнер практикасындағы маңызды кезеңге айналып, оны туранромантизм мектебінің өкілі ретінде бекітті. Суретші осы тақырыпқа арналған эскиздермен ұзақ уақыт жұмыс істеп, толық әрі көпқабатты композиция жасауды мақсат етіп қойды.
«Сарын» атауы музыкамен байланысты, бұл картинаның ерекше атмосферасын айқындайды. Әли Бақтыгерей бұл шығармасында скиф заманындағы бейнелерді қиялына қосып, тарихи және декоративтік элементтерді біріктіретін образдар жасады. Картинаның композициясы тарихи-мәдени аллюзиялармен байытылған, бұл оған тереңдік береді. Қазақ генотипіне негізделген түстер мен олардың ассоциациялық қабылдауы картинаның эмоциялық үндестігін музыкалық мотивтермен үйлестіреді.