Алғысөз
XXI ғасырдағы Қазақ бейнелеу өнерінің көркемдік дамуындағы жаңалықтар мен өзгешеліктерді оның алдыңғы ғасырларға қатысты жетістіктерімен салыстырып қарағанымыз маңызды. Егер біз Қазақ бейнелеу өнерінің жоғары өрлеуін бағалағымыз келсе, бәрімізге ең алдымен өнерді терең және жан -жақты біліп, оны үнемі саралап, жазып отыруымыз керек.
Ә.Бақтыгереев кескіндемесі адамның рухани әлемін, сезімдердің тірі қозғалысын, психологияның тереңдігін, реалистік бейнелеудің керемет дәстүрлерін жинақтады. Суретшінің поэтикалық портретін оның туындылары арқылы тұтас қарауға күш салдық. Көркем шығарманың мәні оның мазмұнын құрайды. Әли шығармаларынан тек қарапайым логикалық мағынаны, тек сюжет пен тақырыпты, шығарманың мазмұнды формасын, стилі, сюжеті және автордың өзінен бейнеленгенге дейін, яғни оның дүниетанымын қамтитын көркемдік образ екенін көреміз. Қазақ болмысы туралы суретшінің шеберлігі оның шығармадағы адамның сезімдері мен тәжірибелерінің барлық күрделі гаммасын шынайы жеткізе білуімен, бейнеленген кескіндеменің артында, біздің жалпы дамуымыздың негізгі тенденциясы көрінуі үшін, өз идеясын жалпыланған көркем образдарда жеткізе білуімен анықталады. Әли де мәдениетте, білім мен шеберлік жеткілікті. Сондықтан, олардың шығармалары соншалықты қызықты, мазмұнды. Олардың көрерменге айтатын ойлары терең, өйткені көрермен оларды бейнелеген құбылыстар туралы ойлануға тура келеді. Әли өз өмірі мен шығармашылығында, өз талантына, табиғатына адал болды.
Жанарбек Берістен, Профессор, философия ғылымдарының кандидаты Халықаралық "Тұран" көркемөнер сыйлығының лауреаты
ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІК БУЫНЫ – АЛТЫН БУЫН
Қазақ бейнелеу өнерінің кешегісі мен бүгінгісінің ара салмағын оймен таразылағанда, дәрежесі мен деңгейі әлемдік өнерде өз орны бар деп қуаныш сезіммен айта аламыз. Осы уақытқа дейінгі жазылған өнер тарихын шын мәніндегі тарих ретінде қарау жеткіліксіз, ол әлі замана биігінен қайта қаралуы тиіс мұра. Қазақ елінің тәуелсіздігі бұрынғы қажетті мұрасын қайта қалпына келтіру мүмкіндігін туғызды. Соның нәтижесінде өнерді жаңаша бағамдауға тура келеді. Көркемөнер атты рухани реальдық құбылыс көп жағдайда стильдер арқылы бағаланады. Солай бола бермек те. Өнердің ілгерлігі де, іргелігі де осы өлшеммен таразыланады. Бұл жәй ғана масаттану емес, көркемдік даму эволюциясын басынан өткерген күрделі шығармашылық үрдіс.
Бұған өнеріміздің даму қарқыны, кәсіби маман суретшілердің өсу, кемелдену эволюциясын талдау қажеттілігі анық сезіледі. Бүгінгі қазақ өнері әлемдік ортада өзіндік ерекшелігімен, стильдік байлығымен иық теңестіре алады. Бұл мәселе осы уақытқа дейін сөз болмаған және болашақта талқылаудың жаңа нысаны ретінде саралану керек.
Қазақ халқының заманауй бейнелеу өнерін тереңінен тану үшін өткен заманымыздың тыныс тіршілігі мен өнеріне әр уақыттың буындары, топталған таланттары тұрғысынан терең назар аудару қажет. Әр өнер адамы өзінің тума болмыстық табиғатқа жарасымды мінезімен өзінің дара ерекшелігін өз шығармашылық әлемінде айқындайды. Ал көпшілік сол ортаның қоғамның дүниетанымдық көзқарасын, эстетикасын айқындайды.
Эстетикалық үкім – адамның дүниеге және өзіне деген объективті түрде дамып келе жатқан қатынасын жалпылау және түсіну негізінде жасалатын тұжырым.
Тарихқа көз салсақ Қазақстан бейнелеу өнерінің салаларының шеберлігін меңгеру жолында алғашқы қадамдары 1920-1930 жылдарда көзге көріне бастады. Осы жылдары алғашқы қадамдарын жасап, Қазақстан қалаларында көркемөнер студиялары құрыла бастады. Табиғатына, мәдениетіне қызығушылық танытқан сырттан келген суретшілер мен жергілікті суретшілер көрмелер өткізілді.
1930 – 1940 жылдары Қазақстандағы бейнелеу өнерін жан-жақты дамыту қарқыны күшейе түсіп, осыдан кейінгі кәсіби бейнелеу өнерінің шығармашылық дамуының жүзеге асуына негіз болған ұйымдастыру базасы қаланып, Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Н. Крутильников, Б.Сәрсенбаев, ағайынды Құлахмет және Қожахмет Қожықовтар, сияқты есімдері мен еңбектері қазақ бейнелеу қорын толықтырды. Кейін Қазақстан бейнелеу өнеріне К. Баранов, Е.Говорова, Л.Леонтьев, В. Антощенко-Оленев, Ю. Мингазитдинов, Ш. Кенжебаев сынды есімдерімен толығып және мектептердің ірге тасының қалана бастағаны белгілі. Қазақтар үшін жаңа болып табылатын өнердің түрінде ұлттық дүниетаным мен ұлттық рухты мәнерлеудің дәлме-дәл факторы Ә.Қастеев шығармашылығына тән.
Қазақтар үшін жаңа болып табылатын көркем көрініс әдісінің шеңберінде, яғни кенепке майлы бояумен салынған кескіндеме технологиясында, реализмді нақты образында қабылдау стилистикасында ол ұлттық дүние-танымның іргелі концепциялары мен координаталарын нақты көрсете алды.
Қазақтар үшін жаңа болып табылатын көркем көрініс әдісінің шеңберінде, яғни кенепке майлы бояумен салынған кескіндеме технологиясында, реализмді нақты образында қабылдау стилистикасында ол ұлттық дүние-танымның іргелі концепциялары мен координаталарын нақты көрсете алды.
Өткен ғасырдың 1950-1960 жылдар аралығында Қазақстан бейнелеу өнеріне жаңа серпін әкелген алғашқы кәсіби қазақ суретшілерінің мол шоғыры келді. Бұлар – жастық шақтары Социализмнің аласапыраны мен Ұлы Отан соғысының ауыртпалығынан өткен Қ.Телжанов, К.Наурызбаев, С.Мәмбеев, М.Кенбаев, К.Шаяхметов, А.Ғалымбаева, Г.Исмайлова, С.Романов, Н.Нұрмұхаммедов, Н.Гаев, Б.Пак, Ү.Әжиев, Е.Сидоркин, А.Школьный, А.Степанов, Ж.Шарденов, М.Лизогуб, О. Кужеленко, Б.Түлеков, Б.Орманшы, А.Черкасский, Ә.Хайдаров сияқты алыптар тобы.
1950-1960 жылдардан бастап «Ұлттық мектеп» мәселесі сәулетшілер арасында өте маңызды тақырып болды. Ол өз кезегінде кескіндемеге әсер етті. «Ұлттық қаланың образын» іздестіру өзіне тән ұлттық пішіні бар өзіндік сәулет өнеріне деген қажеттілік өткір сезілді. Ұлттық сәулет ұлттық кескіндемеге әсер етуші фактор болды. 1970 жылдары кемелдеген социализм аталған кезеңді Қазақстан суретшілер одағының төрағасы болған Сабыр Мәмбеев «Творчество» журналында айтқандай « ескі дәстүрлер, таным, ою өрнек өнерінің жолын ұстаушылық өте күшті болды» деп әділін айтты[1]. Сол кезеңдегі суретшілер өзіндік ұлттық эстетикасын жасап және оның дамуының тарихи көкжиектерін кеңейтті. Осы кезеңде ұлттық көркемөнерлік ойдың жеңісі аймақтық дәстүрді үйлесімді де жан жақты талдай отырып, орта азияда ұлттық бейнелеу өнерінің мектептері толық қалыптасып үлгерді. Жаңа буын өнеріндегі кескіндеменің формалды құрылымында бірқатар өзгерістер болып жатты. Көзге көрінетін шындық дүниетанымның ракурсына сәйкес тек белгілі эмоционалды-психологиялық негізде ғана емес, сондай-ақ стилистикалық аспектіде де өзгереді және формалды құрылымда пластикалық түрін таба отырып, сезімді білдірудің шарықтау шегі мен ой түбіне батуға дейін жетеді. Құндылықтар мен белгілердің дәстүрлі өлшемі, ұлттық сананың архетиптері шындықты қабылдау ерекшеліктері мен әрбір елдің суретшілері буынының туындыларында оның нақты түрде көрсетілу сипатына зор ықпалын тигізді. Сондай-ақ, кескіндемеде ұлттық түсінік пен дүниетанымға барабар әлемнің картинасын жасады. Бұл ұлттық мектептер халықаралық мәдениеттегі алатын орнын, ондағы жекелеген шығармашылық тұлғалардың рөлін анықтау болып табылатын, өнертанудың теориялық мәселелерін шығарды.
1960-1970 жылдар жалпы қазақ бейнелеу өнерінде ұлттық мектептің қалыптасқан кезеңі. Бұл кезеңде жастарға үлкен қамқорлық көрсеткен Суретшілер одағын басқарған Сабыр Мәмбеевтің рөлі өте зор болды.
Бұл ретте суретшілердің шығармашылықтарында белгілі бір шеңберден шықпай социалистік реализмді суреттейтін тақырыпта қойылса да ұлттық болмысты айқындайтын туындылар көркем әдебиет пен бейнелеу өнерінде сәтті қадам жасауымен толықтырылды.
1960-1970 жылдары қазақ бейнелеу өнеріне ұлттық рең, соны леп енгізген С. Айтбаев, И.Исабаев, Ш.Сариев, Т.Тоғысбаев, Ә.Жүсіпов, Ә.Сыдыханов, Ә.Смағұлов, М.Қисамединов, Н. Нұрмұхаммедов, А.Рахманов, Б. Табиевті атауға болады[2]. Қазақ бейнелеу өнеріндегі ең бір жұлдызды топ, осы буын болды. 1980-1990 жылдары келген Т.Досмағамбетов, О.Прокопьева, Е.Сергебаев, Б.Әбішов, К.Муллашев, К.Дүйсенбаев, М.Аманжолов, М.Қалымов, Д.Әлиев, Р.Ахметов О.Нұржұмаев, Е.Толепбаев, Б.Түлкиеев, А.Ақанаев, В.Рахманов, Қ.Тыныбеков, Қ.Оспанов, Б.Зәуірбекова, В.Твердохлебов, К.Бекенов, Р.Мәмбекова, Х.Бралиев, П.Шорохов, Ө.Мамакова, Қ.Есіркеев, А.Дүзелханов, Ж.Қайраңбаев, Әлібай және Сәуле Бапановтар, Қ.Какимов, Б.Мырзахметов, Ж.Аралбаев, Б.Табылдиев, Т.Ордабеков, Қ.Каметов, Қ.Закиров, Ғ.Қаражасов, Б.Әбішов, Д.Түлеков, Ш.Төлеш, С.Иляев, М.Қасымбеков, Н.Бубе, З.Түсіпова, С.Анарбеков, М.Сейсов, А.Бейсембинов, Қ.Алтынбеков, А.Нақысбеков, А.Губашов, А.Оспанов, С.Әлжанов, Н.Бейсембинова, Қ.Ахметжанов, Р. Юсупов, А.Ахатбакиев, А.Бақтығалиев, Ә.Хайрулина, Қ.Хайрулин, Т.Мұқатов, С.Гумаров, Б.Талқанбаев, Ж.Әбдраман, А.Кененбаев т,б бұл буын 60 жылдары келген суретшілердің жалғасы ретінде шықты. Бұл буынның өздерінің шығармашылық тұжырымдары болмағандықтан бәсеңсу байқалды. Тәуелсіздік кезінде идеялық көшбасшылықты да ала алмады.
1980-1991жылдары Алғаш Кеңес заманының тоқырау кезеңін шайқалтқан 1986 жылғы көтерілістен соң 1988 жылы Ә.Сыдыхановтың «Кескіндемелік таңба» көрмесі өтті[3]. Қазақ бейнелеу тарихында бұл көрменің маңызы зор болды. Ол кезде саяси ахуал өте күрделі болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болған Г.Колбиннің қазақтармен санасуына тура келген кезі осы(1986 – 1989). Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары (1977 — 1988); мәдениет министрі (1987 — 1988) болған Өзбекәлі Жәнібековтің руханиятқа ерен еңбек еткен кезі еді. Атақты Тайқазанның 1989 жылы 18 қыркүйекте ғана Түркістанға қайтарылуы ерекше оқиға болды. Ө.Жәнібеков Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы (1988 — 1991) қызметтерін атқаруы рухани салаларда үлкен сілкініс берді. Алғаш Наурыз тойланды. Алаш арыстарының мұралары қайта рухани ортаға оралды. Тарихтың қайта оралуы әрбір жастың санасына серпін әкелді, жүректерге сенім ұялатты.
Дәл сол кезеңде Алматы Мемлекеттік театр –сурет институтының студенттері арасында желтоқсаншыларды ақтау күресі жүріп жатты. 1988-1993 жылдары бейнелеу өнеріндегі бір өлара тыныш кезең болды. Тек бес жыл өлара кезең өтіп 1993 жылдары алғаш «Көксерек» тобы құрылды. Осы жылдан бастап Қазақстанның Тәуелсіздік кезеңінің қазақ көркемөнер даму тарихының классикалық кемелдену кезеңі басталды. «Көксерек» тобының мақсаты Қазақстанның бейнелеу өнері жаңашылдықтың жаршысы болып стильдік сан алуандық идеясын енгізіп әлемдік үрдіске жақындауға шақырды. Бұл үлкен тарихи оқиға болды. Оны құрушы атақты суретші желтоқсаншылар Қанат Ибрагимов, Бактияр Тәуірбеков, Ербол Мелдебеков болды. О баста отарлық идеяларға қарсы шыққан Қ.Ибрагимов топтың рухани бағытын айқындап отырса, Б.Тәуірбеков арт менеджерлік бағытын ұйымдастырды. «Көксерек» тобының көрмесіне дүниетанымдарына қарамай көптеген жас суретшілер өте белсенді қатысты.
Бұлар алғаш «Көксерек» галереясын ұйымдастырып галереялардың дамуына да серпін берді. Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтының жастарының белсенділігі сол кезде күрт артты. Алматының хиппи жастары да «Жасыл үшбұрыш» деген топ құрып бастағанмен наркотикпен ұсталып тарап кетті. Сол кезде Алматы көркемөнерінде бір ғажап буырқаныс жүріп жатты. 1995 жылы Ташкент қаласында халықаралық көрмеде «Көксерек» тобы концептуалды өнерлерін көрсетті[4]. Осының өзі Орта азия үшін жаңалық болды. Бұл кезеңнің ең басты ерекшелігі стиль құбылыстарының әртүрлігі кең қанат жайуы басталды.
Қазақ бейнелеу өнерінің осы кездегі рухы оптимистік иллюзиялардың күштілігімен, кеңестік отарлық саясаттың жамандығынан және елімізге салған жараларынан жазылуға деген оптимизмі күшті болды. «Көксерек» тобының жаңашылдық идеясы Тәуелсіз Қазақ елінің бейнелеу өнерінің бастауы болды. Жастар арасында Тәуелсіз Қазақстан деген үлкен мүмкіндіктер елі ретінде сенім болды. Бәріміз шат болдық. Қазақстан көркемөнер процесінде XX ғасырдың аяғына таман көркемөнерлік көңіл-күйді еркін білдіру, тек қана тарихи өткен емес, бүкіл әлемдік көркемөнер тәжірибесінен бастау алып жатқан өзін-өзі тану тенденциясы қанат жая бастады. Суретшілердің көздеген мақсат, мәселелері ұлттық деңгейдегі мәнерді, менталитетті көрсетуде қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнердегі көркемдеу мен рәсімімен байланыстыра отырып, кәсіби бейнелеу өнеріндегі өзіндік ұлттық мектепті қалыптастыруға тұтас жастар буыны ат салысты. "Сорос-Қазақстан" қоры — 1995 жылы "Қазақстанда ашық қоғам құндылықтарын ілгерілету мақсатында" Ашық Қоғам Институты (OSI) құрған үкіметтік емес қайырымдылық ұйымы жұмыс бастады. Саяси астары бар «Сорос» қоғамдық қорының белсенділігімен постмодернистік стильді жандандыруға көп қаржы жұмсады. Суретшілер мен қоса өнертанушылар тобы да тартылды. Бәрібір эмоцияларды ұйымдастыру өнері ретінде Қазақ руханиятына сіңе алмады. Жаңалық форма еш жаңалық әкелмесе де, тек өнер сүйер қауым санасына әсер етуге тырысты.
Тәуелсіздіктің жаңа буыны болып қалыптасқандар негізінен 1960 -70 жылдардың аралығының ар жақ бер жағында туғандар еді. Тәуелсіздіктің нағыз буыны Қазақ өнеріне өміршеңдігімен үлкен серпіліспен толысты. Осы уақыт жаңа стильдердің жаңа философиясы негізінде жаңашылдық өзгерістер орын алып ұлттық жаңғыру идеясы енді. Жас суретшілердің күш-жігерімен өмірге көркем образдың белсенді енуінің, өнердегі формаларды өзгертуге қатысуының жаңа мүмкіндіктері дамыды. Идеялар мен көркем бейнелерді жүзеге асырудың түрлі әдістері кең таралды.
Реализмге деген сұраныс қайта жанды. 1995 жылдардан бастап реализм жетекші бағыт болып қалыптасты. Кеңестік дәуірлердегі реализм жетістіктері мен әлемдегі стильдік жетістіктері сіңірілді. Қазақ халқының өткенін нақты тарихи жағдайлармен толықтыру үшін тарихи, этнографиялық шындыққа деген сұраныс күрт артты. Бұл қорытынды еш идеологиясыз табиғи түрде пісіп жетілді. Тарихи реализмге деген ұмтылыс ұлттық экспрессивтіліктің жаңа мүмкіндіктерін іздеуде көп нәрсені көрсетті. Эстетикалық тұрғыдан халықтың өз тарихына деген жаңа демократиялық көркемдік сананы дамытуға деген дәйекті ұмтылысында.
Ең жоғары жетістік көркем форманың табиғатына негізделген экспрессивтілік энергиясы ерекше болды.
Қазақ көркемөнеріндегі ерекше құбылыс болып келген «Алтын буын» процесін үш он жылдыққа бөліп қарасақ дамудың ерекше панорамасын жасау үшін қажет тұжырым. Қазақ көркемөнерінің дүркін дүркін қосылған толқындардың ішіндегі әр суретшінің келуі де, көркемдік үлестері мен жаңалықтары да әр түрлі.
1993 жылдары басталған Тәуелсіздіктің Алтын буынының алғашқы толқындары: Қанат Ибрагимов, Бактияр Тәуірбеков, Бақыт Бапішов, Ғалым Маданов, Ербол Мелдебеков, Қазақбай Әжібек, Досбол Қасымов, Сембіғали Смағұлов, Ақтоты Көлке, Төлеген Сүлейменов, Алпысбай Қазғұлов, Шамил Гулиев, Таинов Серік, Мейіржан Нұрғожин, Тілеужанов Талғат, Марат Бекеев, Айбар Тазиев, Андрей Нода, Арыстан Шалабаев, Молдақұл Нарымбетов, Витали Симаков, Саид Атабеков, Рүстем Халфин және т.б.
Мүсіншілер мен монументалистер: Әділет Жұмабай, Нартов Асқар, Нұрлан Далбай, Болат Құсаинов, Сұраншиев Қайрат, Рахмадиев Едіге, Бақытбек Мұхамеджанов, Мұрат Мансұров, Асқар Есенбаев, Асқар Есдәулетов, Ғазиз Ешкенов, Тоқтар Ермеков, Эдуард Казарян, Ғалым Рысбек, Сәндік өнер шеберлері; Базарбаева Раушан, Серік Рысбек, Аман Мұқажанов, Баширов Сержан, Естай Даубаев, Төлеген Сәрсенбаев, Зейнелхан Мұқамеджан, Айжан Әбдубайт, 2000 жылдары қосылған толқын: Айбек Бегалин, Болат Тұрғымбай, Вадим Сидоркин, Кабдрахман Отарбай, Бақытнұр Бүрдесбеков, Қанат Шүкірбеков, Хашим Құрбанов, Нұрлан Килибаев, Гүлжамал Тагенова, Мәлік Қайдаров, Әсет Жақыпбек, Манат Қаспақ, Сәбит Құрманбек, Елена Тео, Абдуақат Мұратбай, Зұлқарнай Қожамқұлов, Құрманғазы Ақашов, Қуат Асқар, Владимир Шеге, Гүлжанат Кабижанова, Ботакөз Ақанаева және т,б.
Мүсінші монументалистер; Аманат Назарқұл, Жамхан Айдар, Данияр Қалиев, Қанат Нұрбатыров, Ишанов Серікжан, Графиктер; Манат Аманбаев, Бажиров Нұрлан, Ералы Оспанов, Қоңыр Мұхамеди, Қуандық Мадиров, 2010 жылдары қосылған толқын:
Әли Бақтыгереев, Чагиев Қанатбек, Әділ Баяндин, Гүлшат Мадибиева, Вячеслав Люй-Ко, Төлеуғазы Байғалиев, Нұрбек Жардемов, Құралай Аманжолова, Нұрбазар Кожин, Жамбыл Натбаев, Нұрлан Әбішов, Нұртай Жәрдемов, Болат Мұхамедиев, Бекжан Жумабаев, Камила Жапаловаға ұласатын ұзақ тізім Тәуелсіз Қазақстан бейнелеу өнерінің «АЛТЫН БУЫНЫ». Бұлар нағыз кемел шақтарында жұмыс істеуде және зерттелмеген тың буын. Буырқанған жастар легі бұрын-сонды болмаған көптігімен, ізденістің ерекшеліктерімен азаттық рухымен шыңдалған нағыз рухы биік жаңа Алтын буын болып тарихқа енді. Олардың ізденістерінде Рухани жаңғырудың сан түрлі мүмкіндіктері қарастырылды. Бүкіл әлемдегі көркем ізденістер қазақ топырағында басқа құнармен өнді десек болады.
Бұл кезеңнің өнері, көп жағдайда өзіндік жоғары деңгейдегі кәсібилігін өткен кезеңдерге салынған дәстүр ретінде сақтай отырып, стильдің көркемдік тілінің жан-жақты көп қырлығымен ерекшеленеді. Әсіресе сәндік қолданбалы өнер ерекше дамыды.
1993-2024 жылдардағы Қазақстандағы рухани және көркемөнердегі кезең ерекше таланттар шоғырын «АЛТЫН БУЫН» - кезеңі деп айтуға толық негіз бар. Мемлекеттік идеология болмаса да Ұлттық сананың ең басты көрсеткіші ретінде қазақ бейнелеу өнерінің күрт дамуы ерекше әлеуметтік заңдылық, ғажап құбылыс[5].
1993 жылы бейнелеу өнерінің ізденістерінен басталған бейнелеу өнерін- Тәуелсіз Қазақстанның бейнелеу өнері деп тануымыз керек. Әр суретші ізденістерімен өнердегі өзінің бастау бұлағына, ежелгі халықтық түп негіздеріне ықылас білдіруінде оның этнографиялық, одан кейін поэтикалық дәрежелерінен жаңа биікке шығып, оны пайымдаудың философиялық дәрежесіне көтерілді деуге болады. Тәуелсіз Қазақстан бейнелеу өнеріндегі негізгі бағыттарда ұлттық тенденцияның басым екені әрине шындық. Әлемдік өнердің табиғатына түрен салған, бейнелеу өнерінің айдынына шығып биік көркемдік дүниелерін ұсынған жаңа тұлғаларды тану үшін сараптамалық толғамдармен үңілу бүгінгі күн үшін өзекті тақырып. Тәуелсіздік кезінде руханият салалары әдебиет, сәулет, музыка барлығы да тоқырауды да, дағдарысты да бастан кешті. Тек бейнелеу өнері алға жылжып өзінің алтын ғасырын жасауда.
Әли Бақтыгереев сол толқынның 2010 жылдары қосылған үшінші буынына жатады. Міне, осындай өлмейтұғын шығармаларын қалдырған, артынан өшпес із қалдырған «Алтын буынның» қатарындағы талантты суретші, кеше ғана дүние салып кеткен, бірақ қазақ руханиятының тірілер сапында екінші мәңгілік өмірін бастаған замандасымыздың бірі – Әли Бақтыгереев.
БУЫНДАР ТАРИХЫ – ОЛ ТҰЛҒАЛАР ТАРИХЫ
Бүгінгі Тәуелсіздік биігінен қараған сәтте, артта қалған 30 жылдық кезеңнің бейнелеу өнері өзіне айрықша тартып, күн өткен сайын қызықтыра түсуде. Тұтас Алтын буынға айналған таланттар шоғырын құрайтын әр тұлғаның болмысына, шығармашылығына үңілу бүгінгі өнертанудың ең басты мақсаты болу керек.
Сөз Қазақ бейнелеу өнерінің уақыттан оза шыққан жампоздарының бірі атақты педагог, озық шығармашылық иесі Әли Бақтыгереевтің шығармаларына сараптамалық талдау болмақ.
Талант – ол қашанда көпшіліктің ақ ниетінен, ел ықыласынан, халықтың жаны мен тәнінен жаралады. «Талант тағдыры – ел тағдыры» дейтініміз де содан қалған. Яғни ел тағдырын шешетін де, оның басына қиын іс түскенде жол табатын, сол қиыншылықты қағаз бетіне түсіретін де осы таланттар. Әлидің өмірбаяны да таланттар жүрер соқтықпалы соқпақсыз жолдардан тұрады. Жастар мен замандастары көзі тірісінде Әлекең атап кетіп еді. Алтын буын өкілі, Тәуелсіздік кезінде қаптай көтерілген көп талантты шоғырдың ішінде Әлидің қадір қасиеті, парасаты, шығармашылық тұғыры неге биік деген сауалға жауап іздеп саралап қарасақ.
1962 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы Арал ауданы, Құланды елді мекенінде отбасында алтыншы болып Әли дүниеге келді. Отбасындағы жеті бала да осы Құланды ауылының сегіз жылдық мектебінде оқыған. Жасынан суретке әуес болып өскен Әлиді ауылдастары мүсінші дейді екен.Туған ауылы кейін шығармашылығында терең із қалдырды. Мектепте оқып жүрген кезінде денсаулығы сыр беріп бір жыл кеш бітірді. Еңбек жолын Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бозой орта мектебінде көркем-безендіруші болып жұмыс жолын бастады. 1985 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Бүкіл қазақ суретшілерінің дені осы жерде оқыған білім ордасында жан жақтан келген таланттар бас қосатын жалғыз шаңырақ осы еді. Сол кезде Әли ортада өз гуманитарлық білімімен ерекшеленді. Әдебиет, дін, саясаттың кез келген тақырыбында көсіліп сөйлейтін. 1986 жылы желтоқсан болғанда жастарды қорғауға барып соққы алғандардың бірі де Әли. Бірақ кейін ешқашан желтоқсанға қатыстым деп кеуде көтермеген. 1989 жылы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтына монументалды кескіндеме мамандығына түсті. Тәуелсіздіктің кезі өте қиын кез болды. Көптеген студенттер күн көріс қамымен оқуларын тастап кетті. Сол қиын қыстау кезінде де оқуын тастамады.
Шекара ашылып небір ғылыми ойлар ортаға қарай ағылып жатқан кез. Мен, Әли, Тайнов Серік, т,б көптеген студенттер Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, жазушы Асылан Жақсылықовтың дәрістерін тыңдауға баратынбыз. Аслан аға медитация, йога, суфизм, будизм т,б эзотерикалық білімдерден ғажап дәрістер оқыды. Осы дәрістер талайымыздың өмірге деген көзқарас танымдарымызды өзгертті. «Достық негізі еріктің, талғамның, пікірдің толық үндесуінен туады» -деп Цицерон айтқандай сол кезде топтаса бастадық.
Ізденімпаз Әлидің диплом қорғау жұмысы керемет қорғау мен есте қалды. 1994 жылы Әлекең «Абай; менің халқымның көзімен» атты монументалды кескіндемеден дипломды үздік қорғады.»[5].
Композиция идеясы көркем шығармада толық ашылған. Бейнелер соншалықты сенімді шынайы. Абай образын жинақтауда этнографиялық көріністермен гармоникалық тұтастыққа өміршеңдікпен толықтырған. Суреттің әр бұрышы ішкі мазмұны ұлттық драмалы бейнелермен толықтырылған. Жалпы сахналық көрініс тұтасымен керемет үйлескен. Абай өмір сүрген ортаны, олардың сезімдері мен ойларын көрермендерге қабылдауға мәжбүр етеді. Идеялық композициялық өміршеңдік ойлар картинаның жоғары қасиетін көрсетті. Әли жұмысқа керемет дайындық жасаған. Көптеген нобайлар жасады. Әлидің философиялық табиғатына ұлы график Исатай Исабаевтың табиғаты жақын еді. Екеуі де ұлы ойшылдың рухани әлемін терең түсіне білген. И.Исабаев та қазақ фольклор-жырларын терең сезінетін және оны графикада ерекше әсем көрсете алатын. Әли бұрынғы алыптарды зерттей отырып тақырыптық суреттің әсер ету күші көркемдік бейненің мазмұны екенін ерекше назар аударған.Сюжеттік драманың айқындығы мен шынайылығы, психологиялық сипаттаманың тереңдігі көркем көріністі ашты.
Бұл орасан зор еңбектің, терең таланттың нәтижесі. Мемлекеттік комиссия өте жоғары бағалады. «Бұндай жұмыс мемлекеттік сыйлыққа лайық» -деп шын таңқалғандар болды. Жалпы бұл дипломдық жұмысты Әлидің отбасынан рұқсат алып, келісіп кез келген ғимаратқа орындауға болады.Ол енді уақыттың еншісінде.
Оқу бітірген соң қанша талантты болса да Әлиді ұстаздыққа институтқа ешкім шақырмады. Талантына қарамай географиясына, биографиясына қарайтын сүйекке сіңген жұқпалы дертпен ауыратындар кімді қабылдаушы еді. Жағымпаздықты суқаны сүймейтін Әли, жалынып ешкімді көкелеген жоқ. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі жылы қарсы алған сол жаққа оқытушылық жұмысқа кетті. Бірақ шығармашылық жұмыспен айналысуға да асықпады. Тапсырыс жұмыстармен ұзақ айналысты. Училищенің 10 шаршы метр жері шеберхана етіп тегін пайдаланғаны үшін де директордың тапсырыстарын да көп істеді. Осының бәрі уақытын алды. Өмір бойы бір шеберхананы армандап ақыры таппай кетті.
2007 жылдардан бастап шығармашылық жұмыстарының ізденістерін бастады. Әлидің бір ғажап жері көрмелерден қалмайтын. Жылт еткен жаңалықты қарап отыратын. Әр көрмені сыни қарап анализ жасап баға беретін. Атақты «Дат» оппозициялық газеттің әр санын тігіп жинап оқитын. Әлем суретшілері туралы журнал жинағының толық нұсқасын да жинақтаған.
Әлидің ұстаздық еңбегі бір төбе. Ұстаздық, тәлімгерлік қызметі де ұлан-ғайыр. Қазақ өнерінің болашағын ойлаған ол жас суретшілерді баулып, бағыт бағдар беру ісіне ерекше көңіл бөлді. Сол еңбегінің жемісі мен дәлелі –бүгінде есімдері жұртшылыққа жақсы таныс көптеген жас суретшілер өздерін Әлидің шәкірттеріміз деп санайды. Ұстаздық өнегелі өмірі өзі тәрбиелеп өсірген қанаттарын қатайтқан шәкірттері арқылы жалғасын табуда. Әлекең өмірден қайтқанда көптеген шәкірттері маған көңіл айтқанын қалай ұмытайын. Шәкірттерінің алдында беделі орасан жоғары болған Әлидің әңгімелері терең, әзіл қалжыңға да бай еді. Өлеңді де тамаша айтатын.
Әли туралы дақпырт әңгіме өте көп. Оны біреулер Асан қайғы деп айтады екен. Сөз саптауында абыз қариялар сияқты сөйлейтіні бар еді. Қандай пиғылмен айтса да маңыздысы ол өнердің ертеңін ойлайтын, толғанатын.
Елдің көбі Әлидің шығармашылығын көп мән бере бермейді. Шығармашылықты кеш бастаса да Әли Бақтыгереев деген есім, қазақ бейнелеу өнерінің жаңа парағы болып ашылғанын мойындайтын уақыт келді. Сондықтан Ә.Бақтыгереевтің шығармашылық мұрасын осы тұрғыдан, өнертанушылық, жан-жақтылық, объективтілік принциптеріне сәйкес талдай, әділ баға беріп, дұрыс сараптай білуіміз керек. Соңғы жиырма жылдықта Алтын буын аталған топқа қазақ бейнелеу өнеріне Әли Бақтыгереев атты тамаша талант қосылды.
«Ол көрермендерді тарихи өмірлік жағдайлармен таныстыра отырып, көп фигуралы композициялармен жұмыс істейді. Тылсым образдардың, элементтердің реалистік элементтерімен үйлесуге оның кескіндемесін салиқалы өнерге тән әдістермен жақындастырады. Көркем әдептілік сезімдеріне және композициялық заңдарды тереңде, нәзік түсінуге ие. Адамды ұзақ ойландыратын жоғары поэтикалық көңіл - күй туындыларынан этнофольклорлық, симфониялық әуен еседі. Бұларда мифология, фольклорлық сарындар, «фон» ретінде ғана емес, шығарманың бүкіл мазмұнының өзіне айналып кеткен. Оның романтизм бағытындағы ізденістері көркемөнердегі мифологиялық фольклоризм құбылысын тудырды.»[6, 36]- тұңғыш шығармашылығы туралы өнертанулық сараптама берілді.
Ә.Бақтыгереев романтикалық бағытта жұмыс істей отырып, өз кенептерінде кәсіптік шеберлікті композициялық дүниетану еркіндігімен, көркемдікті түстердің үйлесімін, ішкі ырғақпен әсем әуенді өзінің мәселелерімен терең ұштастыра білген шебер. Суретші бейнелеу өнерінде берік ұстаған өзіндік қолтаңбалы көркем шығармалардың құндылығын арттыра түсті. Бұл алдымен Қазақстан бейнелеу өнеріне, содан кейін қазақ халқының мәдениетіне үлесін қосты десек артық болмас. Оның шығармалары символдық сипаттарға толы және көпжақты, көп мағыналы. Олардың сыртқы көрінісі сюжетінің күрделігімен, нәзіктігімен ерекшеленеді. Ал ішкі мазмұны өрелі көрерменнің жан-жүрегін баурап алатын адамзат тіршілігінің мәңгілік мәселелеріне жол тартқан терең философиялық мазмұнға толы десек қателеспейміз.
Суретші туындылары жайлы сөз қозғағанда оның көркемдік тілінің ерекшелігіне тоқталмай кетуге болмайды. Ә.Бақтыгереев қандай да бір туындысын бастамас бұрын бар ынта ықыласымен ойындағысын дәл тауып жеткізуге тырысады, сол үшін көп ізденеді. Нәтижесінде үнемі адамды шектейтін қатып қалған үйренушіліктен бойын алыс ұстай отырып, ішкі жан дүниесін жеткізумен өз бетінше тың соқпақтан толымды туындылар жасауға ұмтылады. Ә.Бақтыгереев шығармашылығы өзіндік болмысымен ерекшеленеді, өз шығармашылығына суретші қатал, аса талғампаздықпен қарай отырып, алайда оларды өзі үшін ғана емес, оларды сезімтал көңілі ояу көрермендерге арнайды.
КЕСКІНДЕМЕ
Суретшінің шығармашылық қорында қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорына қосылған, көрерменнің назарын өзіне аударған кереметтей туындылары баршылық. Біз бәріміз әлемдік шедеврлерге таңданамыз да, өз-өзімізге келген сұрақ қоя алмай қалатынымыз бар. Алтын қорға ену үшін әрине қажырлы және ұзақ еңбектен кейін ғана келуі мүмкін. Бірақ өнердегі өсу қиын және баяу екенін есте ұстаған жөн. Идеал неғұрлым жоғары болса, көтерілу соғұрлым қиын болады. Барлық ірі суретшілер осы стильді анықтау білімнің қазынасына көп еңбек сіңірді. Суретшінің ең бастысы-оның көру қабілеті. «Әр суретші өз ұлт шежіресін жаппай қайта қарап, оны бейнелеу өнері арқылы паш етуі де маңызды»-[9].
Талантымен, уақыт пен күшін жұмсаған Әлидің осы тамаша жазылған туындысын көрген адам бей – жай қалмақ емес. Сурет көрінісі және оның эмоционалдық әсері ғажап. Тіпті, мұның танымдық мәні де жоғары. «Жан-тән-рухтан» жаратылған адам феноменінің тылсым құпиясын бейнелеуге түсірген. Тәңір мен ата бабамыздың өмір сүрген ортасын сырлы әлемге ұқсатқан.Үш туынды да мифтік фольклорлық таным көкжиегіне жол тартатын этно мәліметтермен толығып, бір арнаға тоғысуы да, көрерменді ойландырып еліктіріп отыруына негіз болғандай. Фольклорлық өлім тақырыбы ешкім батып бара бермейтін күрделі тақырып.
Жаназа.150x250.к,мб.2019., Сары үн. 80x100. к,мб.2017., Сарын.144,5x145.к,мб.2015 жұмыстар қазақ өнерінің алтын қорына қосылған Әлекеңнің үздік жұмыстары. Бұл жұмыстардың әрқайсысына екі жылдан уақыт кетті. Көптеген нобай, ізденістер жасалды. Бұл жұмыс мистикалық интуиция және танылмайтын шексіз ой толғандыратын құпияға толы. Көркем шығармашылық күрделі процес. Жан мен тәнге, жердегі өмір мен мәңгілік –ғарыштық мәселелеріне қатысты тақырыпты қаузағанда зерттеуші ретінде әлдеқайда тереңге кеткен. Шығармашылық жұмыстың жетістігі мағыналы мақсаттың болуы ғана емес, сыни бақылаудың күштілігі десек дұрыс болады.
2019 жылы 150x250.к,мб. көлемінде орындалған «Жаназа» шығармасы үлкен философиядан туған ой. Әлидің үздік шығармаларының бірі. Көзі тірісінде керемет ойдан туған жұмыс екенін талай айттық.
Артқы планда қызыл арайлы мистикалық аспан, сынтас түріндегі мазарлар, бақсылықтың түрлі рәміздері, күн басты ғарыш жұмбақтары бой көрсетіп тақырыпқа екпін беріп, құпия мазмұнын арттырып тұр. Ортада малдас құрып отырған көсем мен қайтыс болған, сұлық жатқан жауынгер бірден көзге ұрады. Картинаның ең ғажап жері этнографиялық киім үлгілері бірінен бірі өткен көркем шешімдермен орындалған. Тұнып тұрған фольклор. Ежелгі мүйізді сақ жылқысы да, қошқар мүйізді бас киім киген жауынгер де, мүйізді дулығаны да, Сәукеленің небір түрлерін көресің. Бірінші пландағы жалаулы найзаны төмен түсіріп тұрған екі жауынгердің бас киімдері тіптен керемет.
Суретші сол ырымды, яғни дәстүрлік діни рәсімді осы көрініс арқылы көрсеткісі келген сыңайлы. Тек бұларға ғана емес суретші композициялық шешімді, тепе-теңдікті, түстердің өзара үйлесімділігін, байыптай отырып шеберлікпен шешім шығарған. Көптеген көрнекті туындылардың жасалу тарихы картинаның тұтастығы үшін оптикалық және сюжеттік орталықтардың сәйкес келуі міндетті екендігін, бұл сәйкестіктің сурет композициясының заңдылықтарының бірі екендігін айғақтайды. Ол бүйірлердегі фигуралармен шамадан тыс жүктелген, сонда да ортаға негізгі образдар назарды ұстап тұр. Бұл композициядағы поэтикалық әуен үлкен тапқырлық. Осылайша Әли бірлікке жете алған. Суретші қай жерде болмасын, ол өнер туындысында өмірдің барлық алуан түрлілігінің кездейсоқ үзіндісін емес, жалпы кең тынысты сипаттамасын бейнелеген. Орталық кейіпкерді таңдау процесінде шығармашылық қиялдың рөліне ерекше жүгінген. Таңғажайып, реалдық шындық пен тылсым әлеммен астастыра отырып жеке бөліктерді біртұтас көркемдік бейнеге айналдырған. Жан мен рухтың тәнмен арақатынасын біртұтас түсінік ретінде қабылдаған. Ата бабаларымыздың рух табиғаты мен рухани өмір туралы терең түсінік береді.
2017жылы жасалған «Сары үн». 80x100. Көлемдегі «Жаназа» картинасымен үндес.
Тақырыптық суреттің әсер ету күші оның көркемдік бейнесінің мазмұнында жатыр. Сары үн болғандықтан бірден музыкалық әуенге назар аударылады. Басына Тымақ киген қобызшы бірден көзге түседі. Қобыз аса киелі аспап. Оның қасиеті домбырадан да артық. Ол ежелден Тәңірмен байланыстыратын аспап ретінде аса көп ритуалдарда орындалған. Ыспалы аспапты христиан да, мұсылман да шайтанның аспабы деп, оның Тәңірмен байланыстыратын қасиетін жасырып қалған. Бұл картинада қайтыс болған жауынгер бейнеленген. Болашақ тағдыр Тәңірмен бірге мәңгілік өмір сүру. Қобызшы аза күйін тартып шығарып салып отыр. Жауынгердің жаны құс сияқты бейнеленген. Жоқтап отырған жас келіншектің қасына сырнай тартқан жас қыз бейнеленген. Картина бірден музыкалық тылсым медитациялық күйді көрсетуге арналған. Сия көк аспанмен астасқан сынтастар, жоғары әлемнің періштесі сияқты ақ киімді бейнелермен тылсымдалған. Аңырап жоқтаған бура да, күш көрсеткен бұқа да картинаға экспрессия беріп тұр. Шындық материалынан туындайтын, өмір құбылыстарын терең зерттеу нәтижесінде қалыптасатын көркемдік образ белгілі бір қиял ғажайып бейнелеу түрінде жүзеге асырылған. Көрерменді ойландыру үшін белгілі этномистикалық әсерлі образдар, шығарманың идеясын, көркемдік қасиеттеріне ие етіп, еркін қабылдатады.
Жалпы суреттің қасиеті мен мазмұны шымыр композициядан тұрады. Бұл композицияда назар аударатын және қиялды қоздыратын құралдар бар көрерменді бейнеленген нәрсені сезінуге мәжбүр етеді. Шығармада көркем образдың мазмұнын құрайтын сезімдер мен ойларға алаңдаушылық психологизм өте терең. Сюжеттік драманың айқындығы мен шынайылығы іс-әрекеттер, бейнелердің психологиялық сипаттамасының тереңдігі және олардың типтілігі, фигураларды топтастырудың табиғилығы, кеңістіктік құрылыстың айқындылығы, түстің қанықтылығы мен материалдық тығыздығы, арақатынасы массалары, қозғалыс, ырғақ, сияқты барлық құралдар, тәжірибелі Әлидің қолымен қажетті экспрессивтілікті жасап шыққан. Әлдеқалай жазыла салған кезекті дүние емес ішкі бұрқаныс, ширығып піскен ой, өзекті өртеген ащы сыры мен тәтті мұңындай естіледі. Суреттің әсері зор, эмоционалды күшті болғандықтан шығармада ашылған бейнелер соншалықты сенімді. Сондықтан көрермен бейнеленгенді қатты сезінеді.
Сарын.144,5х145.к,мб.2015.
Туынды жасау үрдісінде суретшілердің әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері болады. Бұл жұмыста өз болмысына үңіліп, түйсіну сезіну сипаты жаңаша. Ойдың тууы суретшінің өмірлік тәжірибесімен дайындалады. Ол дүниеге не әкелетінін қаншалықты терең білген сайын, оның қолынан шыққан туынды соншалықты айрықша, қызықты, қайталанбас болуы ықтимал. Туындының ойы, әдетте, көп біліп көп түйген сайын бір бейне, екінші бейнеге ұласып, философиялық көрініс туады. Бұл картина бірден Алтай сақтарының заманына тартады. Ортада мүйізді патшалықтың алтын маска киген жылқыдан түсіп, малдас құрып отырған сақ патшасы бейнеленген. Бұл шығармада образдар керемет киіндірілген. Әлиді қалайда өлім мен өмір мәселесі қатты толғандырған. Фольклор, мифологияны қатты білетін Әли бірден қыл қобызға жүгініп, Тәңірмен байланысқан қобызшы бұнда да бар. Шалқалақтап трансқа түскен бейнесі өте әсерлі. Қобызшы бұл жерде негізгі жоқтаушы, және аза күйін тартып жанын о дүниеге Тәңірге тапсырушы. Жас келіншек күйеуінің бетіндегі жауынгерлік қалқан маскасын шешіп мұңайып отыр. Алыстағы жоталар көгілдір бұлтты аспанмен астасып жатыр. Артқы планда бір сынтас ары бейнеленіп, бірі бері жақын көрсетілген. Жер басып өткен пенденің фәниден бақиға дейінгі аралықты қамтитын ғұмыр –дариясына, жауынгерлік даңқты тарихы туралы ойлануға жетелейді. Әруақ –рух мәселесі ежелгі ата-бабамыздың дүниетанымы екенін көрсету үшін тарихқа қатталған, ескі замандарға дейін кері жылжытқан. Автордың дүние пайымына, ынта-ықласымен құлай берілген ақиқатына таң қаласыз.Тәңірлік символикалар, белгі, ұғым, дәстүрлі түсініктер, заманасы тудырған дизайндық киімдер байлығы, жаңаша парықталып, образдардан тұтастық сезіледі.
Ауылда. 1 (диптих) «Ошақ басында» 2017ж. к.м.б. 114х114см Аул. 2 (диптих) «Дастархан басында.» 2017г. х.м. 114х114см
Әлидің бұл диптихы үздік жұмыстар қатарына кіреді.
Ауыл тақырыбының сюжетін дамытуға түрткі, -өмірдің кем дегенде кішкене бөлігін білу, естеліктер, қоршаған ортаны мұқият бақылау және визуалды есте сақтау. Суретші көбінесе жаңа, типтік жағдайда, оқиғаны, кейіпкерді жасайды. «Ошақ басында» жұмысы ауыл аналарына арналған. Қарапайым ауыл көрінісі. Ошақ басында шүйіркелескен жас келіншектер. Ауылдың экзотикалық көрінісі ауылда өскендер үшін өте таныс. Бұл шығармада сенімді және эмоционалды түрде жалпыға ортақ нәрсені білдірген. Ауыл көрінісін білетіндер табиғаттан алынған шындықтың шынайы көрінісі ретінде қабылдайды. Ауыл – түсінгенге сұлулыққа толы, ерекше қасиетке толы болған сиқырлы дүние. Суретші жер бетіндегі сұлулық пен шынайылыққа тамсанудан жалықпайды, сондықтан да, оның көркем туындыларында жеңілдік пен салмақ, тығыздық пен айқындық, көп бояулық пен олардың үндестігі, нақтылық сынды бейнелеу өнеріндегі жоғарғы қасиеттерді пайдалана отырып, кенеп бетінде ғажайып дүниені барлық сұлулығымен қайта оятады.
Екінші жұмыс «Дастархан басында» 2 (диптих) - деп аталған. Онда ауыл ағалары мен ақсақалдар шұбат ішіп әңгіме айтып отырған бейнелері бейнеленген. Артқы планда боталы інгенді сауып, шелекпен келе жатқан қыз бала бейнеленген. Соңғы планда тоқал там үстіндегі бала бейнеленген. Суретші кенепте өзінің сезімі мен қабылдауын емес, әлем туралы идеяларын жеткізеді. Балалық шақтың сағынышы болар десек те, есте сақтаудың көмегімен сезімдер мен қабылдауларды тікелей көркем бейнеге түсірген. Бұл қазірдің өзінде фактілер жиынтығының белгілі бір жалпылауы. Ал мұндағы жалпылаушы күш абстрактылы ой емес, адамның осы фактілерге қатынасын басшылыққа алатын қиялы мен көркем бейнеленуі. Есте сақтау арқылы туған идеяны жетіспейтін бөлшектермен толықтыруға немесе бір-бірінен бөлек әсерлерді бір тұтас бейнеге жинауға көмектеседі. Ауылда өскендердің бәрі білетін, оқиғалардың жалпылама бейнелері жасалған. Осының өзінде Әлидің көркем ойлана алатын тамаша қабілет жатыр. Өмір тәжірибесін мұндай эмоционалды болуы көргені көп, түйгенін түсініп, оның образдарын жасаған. Әрбір образ көрермен санасында тудыруға қабілетті ой толғауларды, ойларды, идеялық серпілістерді қамтиды.
«Толғаныс» жұмысы картинамен салынған мемуар тәрізді терең жұмыс.
Әдемі жанрлық шығармаларында композицияның шынайылығы таң қалдырады. Жұмыстың идеялық композициялық идеясы көбінесе еркін эскиз сипатына ие. Көп фигуралы шынайы аяқталған композицияда идея айқын. Суретші композициямен процесті айқын және мәнерлі бейнемен басқарған. Кескіндердің барлық өміршеңдігі мен толықтығы көрініс тапқан.
Суреттің мазмұнын визуалды қабылдауда, жалпы әсерден, ең бастысы бөлшектерді игеруге дейін-жеке тұлғаларды жинақтауға және салыстыру нәтижесінде-гармоникалық тұтастыққа жеткен. Оның басты тақырыбы адам мен табиғат, өнерге деген сүйіспеншілік және оның жолында барлық қиындыққа төзу өмір желісі және адамдардың арманы мен үміті, балалық шақтың балғын сәттері, жер бетіндегі тіршілік сұлулықтары, оның бүлінушілікке түскен аянышты сәттері, өмір үшін болатын жекпе-жек күрес, уақыт пен мәңгілік арасындағы тартыс, өмір мен өлім және тағы басқа көріністер бейнеленген. Ортада сурет салып отырған автопортреті. Ауылдың атқыма құдығынан ішіп жатқан балалық шақ та кірген. Студенттік кездегі натурщик те кіргізілген. Қиын қыстау кездегі көшеде сауда жасап отырған екі ана бейнесі де бәрімізге таныс көріністер. Әр суретші – өзінше бір әлем. Бұл картина Әлидің жүріп өткен жолдарының бір ностальгиялық түйіні тәрізді. Ақтарыла сыр ашқан, өткен өмір жолдарының жарасымы мен қайшылығын зерделеген беймаза іңкәрліктен туған шығарма.
НАТЮРМОРТ
Натюрморт суретшінің ең сүйікті, еш уақытта жалықтырмаған, қайта-қайта жаңаша көзқараспен тоқталатын жанрларының бірі десек те болады. Ә.Бақтыгереев шығармашылығында натюрморт жанры да – бұл әр бір суретшінің шығармашылығында кездесетін алғашқы өнер баспалдағы десек те болады. Әлидің барлық натюрморт салуында классикалық норма бар, олар құрғақ, сан алуан детальмен жазылғанымен, әрқашан қызығушылықпен қарастырылатыны тегін емес. Олар дүниені көру мен қабылдаудың эстетикалық тәжірибемізден туындайтын заңдылықты ұстанады. Көбіне өзі қолданған оқу процесіндегі заттарды жинақтап жасаған. Түстердің заңды үйлесімін сақтаған. Әрине, бұл кішігірім оқу процесіне шегінуді білдіреді.
Әлидің өнерге берілген мазасыздығы, қанағатсыз, тоқмейілдікке жаны қас еңбекке деген құрметі сезіледі.
ТАРИХИ КӨРІНІСТЕР
Әли Бақтыгереевтің реалистік шығармасының жалпы бағыттары бар. Жұмыстарының арасында мағына, орындаушылық шеберлігі жағынан да оқшау болып келетіні – қасиетті қазақ даласы, жайлау көріністеріндегі таулар мен сулар. Суретшінің шығармашылығындағы ұлттық табиғат көріністерімен қатар, ұлы табиғат пен сабақтаса, сол дәуірдегі шынайы көріністер бейнеленген жұмыстары жиі кездеседі.
Перспектива сақтала отырып бейнеленген шығарма арқылы табиғат құбылысының әдемі көрінісін, ауа райының ерекшелігін, қазақтың болмысын ен даланың көрінісімен ұштастырған. Тепе–теңдік сақтала отырып жазылған туындының алдыңғы фонындағы көрініс тапқан шалғын шөптерді де анық әрі айқын сабақтастыра көрсеткен. Ә.Бақтыгереев өз бейнелерінде шындықтың белгілі бір жақтарын және оларға деген адамның қатынасын көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар оларға эмоционалды және логикалық дәлелді бағалар береді. Бұл кезеңнің өнері көп жағдайда өзіндік жоғары деңгейдегі кәсібилігін өткен кезеңдерде салынған дәстүр ретінде сақтай отырып, стильдердің концепциясының, көркемдік тілінің жан – жақты көп қырлығымен ерекшеленді.
Ізденістері халықтың менталитетін және халықтың рухы, философиясын, ұлттық фольклорын тың түсініп, заман құбылыстарын тереңірек пайымдаған еңбектерімен ерекшеленеді. Әртүрлі бейнелеу амалдары композициялық туындыларының ойын жеткізуге ұмтылыстары байқалды. Жалпы тақырыптары жеке адамның ой-санасына жеткізуіне, өмір қуанышын сезінуіне, сонымен қатар қарапайым дала өмірін алуан түрлі формадағы композициялық шешімдерін тақырыптық мәнін айқындауға ерекше көңіл бөлді. Қазақ көшінің күйін толғап, барлық сырын, сазын сіңіріп, бояуларын құлпыртып салған.
Портреттер
Суретші шығармаларында портреттік жанр басты орын алады. Портрет – өнердің ең күрделі түрі. Портрет, ең алдымен, адам бетінің құрылымы, адам анатомиясы туралы үлкен білімді қажет етеді. Портреттерде ең көп жазылғаны тапсырыстардан тұрады: портреттер-кескіндер, салтанатты және ресми портреттер, композициялық-жиһаздық портреттер, стильдендірілген-шартты портреттер. Портрет түрлерінің өзі сәндік, топтық, отбасылық, жанрлық кескіндемелер және т. б.
Бұл сала бойынша бекзаттық және жігерлі рухқа толы портреттерінен образдың біртұтас галереясы жасалған. Оның көптеген жұмыстары – образдары дәл табылып, көздерінен оттары жанып тұрған портреттер. Қылқалам шеберінің портреттерінен көз алдыңа алуан түрлі мінез-құлықты адамдардың тартымды галереясы келеді. Егер біз үлкен суретшілердің іс - әрекетіне жүгінетін болсақ, онда біз портретті бастамас бұрын, олар жазуға тура келетін табиғатпен мұқият танысқанын көреміз.
Портретте табиғаттан кез - келген ұқсастық пропорцияларындағы кез-келген қателік, портрет деп аталатын нәрсені құртады. Портрет бәрінен бұрын оның ұқсас болуын талап етеді, әйтпесе бұл жалпы адамның бейнесі болып қалады. Портрет қаншалықты әдемі және көркем түрде шешілсе де, егер ол ұқсамаса, оның мағынасы сол немесе басқа адам туралы құжат ретінде жоғалады.
Портреттің терең жеке мазмұны, оның ерекше құндылығы әрдайым ұқсастықтармен байланысты, суреттелгендер өмірдегі кейбір позицияларды алады.
Суретшінің портретке деген көзқарасы ең күрделі құбылыс. Алайда, оның көркем шығарма ретіндегі құндылығы ұқсастық болмаған кезде де сақталуы мүмкін, бірақ содан кейін ол деректі портрет емес, жалпы көркем шығарма болады. Ішінде көпшілік біле бермейтін «Әбілхайыр хан» бейнесі ерекше сомдалған. Ханның образы көрерменге өте әсерлі, өйткені ол әдемі суреттің, кескіндеменің – бояу мен ұқсастықтардың жиынтығы.
Бейненің ішкі мазмұнын да, оның пластикалық сипаттамасын да дәл жеткізгендіктен сәтті образ шыққан. Түстердің спектрлік гаммасы адамның бет-әлпетінде өзінің жарқын көрінісіне ие. Мінез бен характердің берілуі - портрет өнерінің мәнін анықтайтын екі маңызды фактор.Хан жігерлі, қатал, суық қалпында көрінген. Кескіннің ерекшеліктерін нақтылауда сызбаның академиялық дәл пропорцияларының шешімімен табылған.
Шебер тек бұл тақырыптармен тоқталып қана қоймай, өз шығармашылығында табиғат ақиқатын айқындай отырып, тарих жанрына көңіл аударып, оларды өзара ұштастырып, қоса алып жүрді.
Пропорция сезімі, сәндік әдептілік сезімі бұл жұмыста жетіп артылады. Атақты ханның ерік жігерін, тас түйін боп түйілген сәтін анық бейнелеген.Композицияның сәттілігі, алуан түрлі қанық бояулардың әсері бұл шығарманың сән-салтанатын асқақтатып тұр.
Графика
Графикадағы портрет өнері таңғажайып өнердегі ең қиын бейнелердің бірі болып табылады. Портрет ең алдымен суретті байыпты зерттеуге міндеттейді. Суреттің дәлдігі мүмкін емес - жақсы сурет салуды білмей портрет жасау - ұқсастықтың негізі. Тіпті суретшінің өз моделіне деген көзқарасы портреттегі жұмыстың түпкілікті нәтижесіне әсер ететін реттеушілер болып табылады. Жалпы графика өнерінде портреттік жұмыстарында штрихтарының еркін динамикалық үйлесімдері орындауда негізгі орын алады.
Әлидің реалистік форманы таныту күші, қиялдау алғырлығынан бейнелеу мәнерін ерекшелейді. Әр тұлғаның ішкі әлемін көркем етіп көрсетуге деген құштарлық анық сезіледі.Қазақ графика тарихында Әли сияқты штрихтармен көсіліп еркін салған суретші жоқтың қасы десек болады. Қарындашпен көсіліп салған портреттері шедевр жұмыстар.Реалистік мәнерде салынған портреттерде импровизация элементтері керемет, оны суретші жеңіл әрі асқан шеберлікпен орындаған техникасын бірден байқаймыз.
«Құлағу» мен «Бүлікші» жұмыстары психологиялық портрет. Онда ең бастысы адамның ішкі әлемінің ашылуы. Образдағы буырқанған композиция қаһарлы сұлбаның бітімі, портреттің болмысын асқақтата түседі. Осындай көркемдік қасиеті жоғары болғандықтан бұл бейнелер қазақ бейнелеу өнеріндегі үздік туындылар қатарынан орын алады.
НОБАЙ
Ал эскиз де болашақ суреттің түпкілікті өзі емес, тек нобайы болғанымен, ол әлгіндей емес, мейлінше тыңғылықты еңбектің жемісі. Нобай жасау мәдениеті біздің өнертануда зерттелмеген. Әлидің кейбір нобайлары дайын шығарма тәрізді. Студент кезінен тыңғылықты дайындалатын Әлидің көп нобайлары тамаша болса да тапсырыспен орындалмай қалғаны өкінішті. Онда суретші өзі ойға алған шығарманың не тұтас композициясын, не белгілі бір бөлшегі мен басты кейіпкерлерін егжей-тегжейлі көрсетуге тырысады. Шынайы өнер туындыларында шындықты бейнелеу ешқашан оны жай көшіру, фактілерді бейтарап бекіту, оларды сөзбе-сөз жаңғырту емес. Шынайы дүниені терең білуге ұмтылу ғылым сияқты өнер де өмірлік маңызды материалдың үлкен көлемін жалпыламасыз, оны түсінусіз жасай алмайды. Көркем шығарма, ең алдымен, фактілерді суреттеуімен емес, өзінің оқырманын, көрерменін немесе тыңдаушысын байыта алатын толғауларымен, ойларымен, идеялық тұжырымдарымен құнды. Өз моделінде қажетті экспрессияны, тапсырмаға шығармашылық және механикалық емес пассивті көзқарасты - суретшінің бастамасы мен шеберлігін ояту мүмкіндігі. Қозғалыс неғұрлым батыл болса, бейне соғұрлым күшті болады.
Адам фигурасының формалары бойынша жұмыс-бұл формада оның барлық басқа көріністерінде жұмыс істеуге арналған мектеп. Үлкен көркем шығарманың күрделі организмінің формасы бойынша жұмыс автор тарапынан күрделі формальды мәдениеттің проблемаларында талғампаздықты талап етеді. Бұл композицияның жалпы образында көрінеді. Еркін эскизге қарағанда мінсіз форманың артықшылығы-бұл бақылаудың көптеген жақтарын, мысалы, біріктірілген сияқты, біртұтас фокуста ұстау. Эскиз тек бір сәттің түсірілімімен шектеледі - және сол бақылаудың эскизі көрерменнің қабылдауын шектейді. Сол сияқты, композицияның эскиздік формасы, тек схемалар мен кеңестер бере отырып, көрерменде азды - көпті қызығушылықты оята алады, ерік - жігерге үміт туғызады, бірақ оны үміт шеңберінен және түсініксіз ұсыныстардан шығармайды. Болашақ толыққанды суретке деген сенім эскизге негізделуі мүмкін, бірақ әсердің толықтығы мен көрерменнің шығармашылық ерік - жігері суретшінің барлық сезімдері мен ойларын қамтитын жұмыстың толық формасынан туындауы мүмкін.
Қорытынды. Өнер – қай уақытта да, қай кезеңде де мәңгі жасайтын ұлы күш. Ол әрбір заманның бет –бейнесі, заман айнасы, қуаныш пен қайғы да, қасиет пен қасырет те, жұбаныш пен өкініш те сол өнерден көрініс алады. Өнер арқылы сақталып заманнан заманға, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, тарихқа ұласады. Ұлттық өнер бұл күнде түрленіп дамуда. Тәуелсіз Қазақстанның бейнелеу өнерін ашу үшін әр кезеңнің буындарын жан жақты саралағанды жөн көрдім. Тәуелсіздік кезеңнің күрделі дамуын талдау жасап бұдан ары болатын жағдайды ой елегінен өткізу бүгін күн талабы. Орта азия кәсіби кескіндемесі феноменінің қалыптасуындағы «дәстүр-даралық-жаңашылдық» мәселелерінде ерекше мән бар. Қазіргі суретшілер жұмыстарында ұлттық ділге тән түрлендіруге, өзара келісушілік пен барлық элементтердің бірлігіне ұмтылу, яғни әлемнің имманентті үндестігі дәстүрлі идеясына қайта оралу жаңа деңгейде жанданған. Ұлттық әлемді игерудің шеңберін кеңейтуде мектептің өзін-өзі анықтау мәселелері бүгін күн тәртібінде. Оған тән әлемді бар жанымен түсіну, қабылдау және оны өзге ұлттық форма мен технологияның ішінде ұлттық кодировкаға беру сияқты ұлттық менталитет өзінше бір «жұмбақтап сөйлеу» түрін қалыптастыра отырып, түрлі формада әлемді суреттей алды. Ұлттық форма мен технологияның ішінде оған дәстүрлі дүниетанымының негізін бейімдеуге байланысты процесс жүріп жатыр. «Мақтауға тұрарлық өмір сүрген адамның мақтауы да жағымды» -деген екен Цицерон. Әли әрқашан ұлттық идеяларды, ұлт үшін жылт еткен жаңалықты қолдады. Тұран қозғалысын қошаметпен қарсы алып өмірінің ақырына дейін қолдады. Менің әрқашан идеяларымды қолдап, азды-көпті ісімді бағалап, болашағыма аманат артып, сенім білдіріп, бойыма шабыт беріп, ойыма қанат жалғап отыратын нағыз дос еді.
Әли еркін ойлайтын, сүйегіне қазақ болмысы әбден сіңген, поэтикалық болмысы ерек тұлға. Әр шығармасынан терең білім, эрудиция, бүгінгі көркемөнердің биік парасты, мәдениеті көрініп тұратын. Тұран романтизмінің мақсаттарының бірі көркем шындықты саралап жаңа бағыттар іздеу болғандықтан мақсаттарымыз үндесіп жататын.
«Жаңа Тұран мәдениеті үшін үлкен мұраттар керек. Тарихымыз терең. Жарқын болашақты сезінейік. Өнер алдында жауапкер, парасатты болайық» -деп әрқашанда суретшілерді бірге үндедік[10]. Тұран өркениетінің феномен екенін дәлелдеу үшін күрес жүруде. Сондықтан біз таңдаған бағыт "Тұран романтизмі" деп аталады. Үңги үңілу үшін терең ұғыну үшін бүгінгі өнерге белсенді романтизм жолы ең керекті жол. Романтизм түсінген адамға күрделі де жан –жақты құбылыс және өнердің көркемдік аясының кеңеюіне ықпал етеді.
«ХХ ғасырдың басында мәдениеттанушы О.Шпенглер айтқан жаңа өркениет шығыстағы Тұранның бесігі біз қазақ еліміз. Біз сол рухани мұраттарды оятуға күш салу үшін романтизм жолын таңдадық[3].
2018 жылы «Тұран романтизмі» манифесі жарияланды[12]. 2019 жылы TURAN-QASAQ суретшілер консолидациясы құрылды. Алғаш Қ.Шүкірбеков, А.Губашов, Р.Базарбаева, Қ. Отарбай, Ә.Бақтыгереев, Б.Құсайнов, Е.Даубаев, Ә.Жақыпбек, С.Тайнов, Ә.Ибатбеков және өзім бас болып біріктік. Сол жылы бірінші «Тұран романтизмі» халықаралық көрмесі жасалды. Көрме Шығыс Түркістан азаттығы үшін күрескен Оспан батырға арналды.
2019 жылы TURANART.KZ. Ұлттық көркемөнер порталын аштық.
2020 жылы Алтын орда мемлекетінің 750 жылдығы «Ұлық Ұлыс –Алтын орда» деген халықаралық онлайн көрме болып, еуразияның 21 елінен 100 суретші қатысты.
Альбом-монография қорытынды ретінде 4 тілде жарияланып таратылды[6]. «Ұлым Ұрымға, қызым Қырымға» - деген бабаларымыздай еуразия кеңістігіне жар салып суретшілерді бірігуге шақырдық.
Карантин уақытына қарамай Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналып «Тұран романтизмі» атты халықаралық онлайн көрме жасалды. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық үшін күресте ХХ ғасыр басындағы Алаш Орда арыстары, 1986 жылғы Желтоқсан қаһармандары бейнелеу өнер арқылы әліде терең бағалануы керек.Сонымен қатар Алаш қозғалысының басында тұрған тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жылдығына арналды. Әлемнің 32 елінен 252 суретші қатысты.Қазақ, ағылшын, түрік тілінде екі томдық альбом-монография жарияланды. Бейнелеу өнерінің жаңа кезеңін қамтитын халықаралық «Тұран романтизмі» көрмесі - суретшілердің дүниені көру сипатымен ерекшеленіп, сан алуан көркем образдармен көрсетілді[9]». 2024 жылы үш томдық «Тұран метастилі» антологиялық жинақ шығып жатыр. Оған әлемнің 29 елінен 35 суретші қатысты.
Халықаралық Тұран консолидациясының басы қасында болып, өнер үшін ғұмырын арнаған талантты суретші, Тәуелсіздіктің «Алтын буын» өкілі, қазақ өнерінің жаңа парағын ашқан классик Әли Бақтыгереев туралы, оның шығармашылық ғұмырын талдап тарататын арнайы зерттеулер әлі де жазылар. Себебі кез келген ірі таланттар қалыпты өлшеммен қарауға келмейтін, ішкі сыртқы қыртысы жұмбақ, күрделі құбылыс.
Әлекеңнің көп адам байқай бермейтін тағы бір қыры оның табиғаты мистикаға, эзотерикаға, тылсым бақсылық әлемге өте жақын еді. Рух ол Көк Тәңірінің адам дүниеге келген кезде оған үрленген күш –құдіреті. Ал жан болса жердегі өмірді жүргізу үшін арналған күш. Біз тек Әлидің рухын тануға тырысып, тек пәлсапалық толғамдар ғана жасай аламыз. Әли кемел шағында қайтты. Әлі өнерге берер көп еді. Әли рухы туралы жазылып отырған еңбегімізді қорытындылай отырып, көзімізге көрінбей, көңілімізге сезілмей, өз арнасымен сыныптай сырғып өтіп жатқан, уақыт атты керуенге бір сәт ойланып, артқа үңілгендей болдық.
Тұран азаматтарын таңқалдырғаны телефонның whatsapp желісінде қоштасып жазған хаты:
Әрине Әлекеңнің қоштасып жазғанын біз түсінген жоқпыз. Бірақ біз рухани дүниеге мән беріп, рухани дүниеге деген сенімге берікпіз.
Өлмейтін адам жоқ: дүниеге келген жұмыр басты пенденің бәрі ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір о дүниелік болуы хақ. Өмірден қайту қазақ үшін –жаңа өмірдің басы. Қазақ үшін өмірдің мақсаты –адам болу, сол үшін жанды жетілдіру, оны жоғары санаға жеткізіп, Тәңіріне қайту. Қазақ даналығы бұл арада «қайтыс болды» деп қайғырудан көрі, жер бетіндегі өз міндетін атқарған адамның игі істерін, артынан қалған мұрасын насихаттайтын көзін көрген замандастарының амандығын көбірек тілеуінің себебі де сонда болса керек.
ЕСТЕЛІК -ВОСПОМИНАНИЯ -MEMORIES
Әли екеуміз 1984 жылы танысып Алматы көркем сурет училищесі мен Өнер академиясында бірге оқыдық. Қоғамдық мәселеде де, кез келген пікірталаста өз айтарын жеткізе алатын пікір иесі еді. Сол кезден әдебиет пен тарихты терең білетін Әлиді бәрі философ дейтін. Осы терең білім шығармашылығындағы композицияларында, ұлттық нақышпен ерек көрінетін. Әли өнердің шын жанашыры, ұлтын жанымен терең сүйген азамат.
Құсаинов Болат Мүсінші. Парасат орденінің иегері Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының лауреаты
Әлидің көркемсурет шығармаларының ерекшелігін, композициялық құрылымын, бояу үндестігін, өзіндік қолтаңбасын, әр суретшіге бұйыра бермейтін табиғат сыйы деп ойлаймын.
Әлидің мінезі жәй ағатын терең дәрияға ұқсайтын...Оның салған көркемсурет (живопись) шығармалары да терең ойлы, мазмұнды болып, әр көрерменін таңғалдыратын. Кәсіби шеберлігі мен терең білімі, соларға сай келетін сабырлы мінез. Осы үштаған Әли шығармаларының негізі. Қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорына керемет суреттерін қалдырып, өмірден ерте кеткен Әли Бақтыгерейдің ғажап шығармалары кейінгі буын жас суретшілерге үлгі болып, ал көрермендеріне қуаныш, мақтаныш, ризашылық сезімін сыйлайды.
Қабдрахман Отарбай Кескіндемеші, жазушы Халықаралық Тұран Көркемөнер сыйлығының иегері
Әлекеңнің жұмыстарын бұрынан білеміз, тақырыбы, мазмұны, көркемдік сапасы жағынан тамаша. Айтайын деген өз ойы, қолтаңбасы бар! Өзіндік ізденістерден туған жаңашылдықтың белгілерін көремін. Өнер саласының нағыз жауынгері, философы десем қателеспейтін шығармын.
Қазақбай Әжібекұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Халықаралық Тұран Көркемөнер сыйлығының иегері
Әлидің кішкене шеберханасы үнемі адамға толып, әңгіме дүкен үзілмейтін. Әдебиет, өнер, философия, саясат пен мәдениетте оқып түйгені көп, жады мықты, есте сақтау қабілеті күшті болғандықтан, сын пікірлері де тұшымды болатын. Өз қабілетіне сай биік тақырыптарға барып, мифологиямен ұштасқан артынан ерекше жұмыстар қалдырды.
Қылышбай Табын Кескіндемеші
Әлидің жұмыстарында басқаша тылсым әуен естіліп тұрады. Алғаш рет графикалық және кескіндеме жұмыстарын көріп отырғанда Әлекеңнің бейнелеу өнеріне графика әлеміне үлкен өлмес жұмыстар алып келді деп сүйсініп қарап отыратынмын. Живописіне келетін болсақ ол бір бөлек әлем, жүрегімнің тұңғиығына терең бойла дегендей сезімде қалдыратын Әлекеңнің алғашқы жұмыстарының өзі үлкен үміт күттіретін туындылар болды деп білемін. Әлекеңнің жазып жатқан жұмыстарын көруге, шығармашылық туралы әңгімелесуге, Алматыда болған сайын үнемі шеберханасына соғып тұратынмын. Әлекеңмен әңгімелесіп отырып, шығармашылық ортаны сағынғанымды сезетінмін. Сол қуықтай шеберханада үлкен ізденіс аясында мәңгілік картиналар келді.
Міне бүгін Әлекең қасымызда жоқ болсада, кешегі бірге жүрген рухани ұстаз болған суретші досымды, қалжың аралас әңгімесі сағындыра есіме түседі. Оның картинасына қарап композициялық шешімдерін, түстерді терең зерттей бастайсың. Суретшілік өмірде студенттік өмірде бірге жүрген суретші курстасым мен үшін Хан тәңіріндей биік асқақ еді. Әлекеңнің айтқан ойларын, оның алға қойған мақсаттарын кейде түсіне алмай ойға шомылып жүретінмін.
Суретшінің қиялы, арманы алдына қойған мақсаты орындалды ма деген сұрақ туындайды. Осы кезде Әлекеңнің жұмыстары бейнелеу өнерінің үлкен бір шыңына айналғаны қуантады. Мен өзім қуанатыным, бір кезде осы Әлекеңдей жігіттермен бірге жүріп, олармен бейнелеу өнерінің, өмірдің философиялық ойларын айтқанында қасында жүргеніме. Студенттің кезімізде Әлекеңнің дәлізде келе жатқанын аяғының дыбысынан, әйтпесе өлең айтып келе жатқанын естіп «О Әлекең келе жатыр» - деп қарсы алатын едік.
Әлекеңнің шығармасына келетін болсақ, туындылары асқан шеберлікпен, тереңдігімен, образдарының күрделі иірімдері, штрихтары, портреттері үлкен сезіммен салынғаны анық көрініп тұрады.
Әділғали Баяндин ҚР Мәдениет саласының үздігі Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының иегері
Ел мүддесіне бағышталған істің кез келгені ыстық жүрекпен, қалтқысыз көңілмен атқарылуы шарт. Сонда ғана шабытың шалқып, қиялыңа қанат бітеді деген ұстанымды, суретші Әли жүрегіне мықтап бекітіп алғандай. Әли екеуміз бір ауылданбыз. Ағалы інілідей, диалекті бұзбай сөйлесетінбіз. Негізі біздің ауылда, кішкентайынан мүсін жасап өскен Әлиді, мүсінші ретінде таниды. Әлидің бар мұраты осы бір қазақ халқының мүддесі, болашағын жақсарту деген пиғылмен баратын қазақтың зиялы азаматтарына тән арман еді.
Суретші ретінде Әли нағыз маман, жақсы ұстаз болды. Тәңір берген дарынымен арман аңсары ұлттың жадын жаңғыртуға, халқының қадыр қасиетін әспеттеуге арналды. Жұмыстарын қарасаңыз, ежелгі түркі тектес елдің тұрмысын, мифологиясын, тарихын кенеп бетіне көркемөнер заңдылығымен құрып, майлы бояудың керемет реңдерін ұштастыра білген. Туындыларын қарап отырып, Әлидің туған елін сүйетін, терең зерттеген ғалым ғана емес, дарынды, біртуар маман суретші екенін көруге болады.
Артур Дабыл мүсінші інісі, үзеңгілес досы.
Әлидің сөйлеу мәнері, тіл байлығы, қазақ тарихынан мол білімі, әдебиеттен оның ішінде ауыз әдебиетінен терең сыр шертетіні, қала берді шығыс жекпе-жек спорт түрлерін меңгергені, таң қалдырып өзіне қатты баурайтын.
Шығармашылықта, әсіресе портрет саласындағы шеберлігі, адамның сыртқы форма-пішінінен гөрі, ішкі жан-дүниесін ашу жағы, әр портретте бейнеленген тұлғаның монументалды, есте қалатындай ұтымды көрсетуі, осы портреттік сериясында бастау алып кейін, ер адамдардың портреттерінде жалғасын тауып, дамып, шыңдалып өзінің шыңау биігіне жетті деуге болады. Кейініректе сомдалған графикалық портреттері; «Абай», «Құлағу», «Қонаев» тағы басқа картон, көмір техникасында орындалған жұмыстары соның айғағы. Бірақ Әлидің өнерде негізгі айналысатын бағыты көпфигуралы тақырыптық композициялар еді. Оның шыққан ортасы ауыл болғандықтан даланың табиғаты, адамдары, айтатын аңыздары, күйлері, эпостары, тарихы оның шығармаларының бастау бұлақтары негізгі арқауы, тақырыптары болды.Осы орайда оның «Ата-жұрт», «Қазақ батыры», «Көш», «Мұрагер», «Ошақ басында», «Дастархан басында», «Сарын», «Сары Үн» және «Жаназа» шығармаларын айтуға болады. Тағы бір төбе болып тұрған туындылары пейзаж бен натюрморт саласындағы жұмыстары. Бұл жұмыстарда оның бейнелеу мәнерінің ерекше тәсілдерін көруге болады.
Абай, 2018
Дінмұхаммед Қонаев, 2018
Ата жұрт, 2000
Қазақ батыры, 2012
Көш, 2010
Мұрагер, 2012
Сарын, 2015
Әли Бақтыгереев үлкен талант иесі, ішкі қуаты зор және терең де жан жақты білім жинаған тұлға ретінде жасаған жұмыстарынан гөрі алдыда жасайтын жұмыстары одан да көп сияқты болып тұратын. Нағыз толысқан кезінде, мол тәжірибе жинаған кезінде нағыз даналыққа шыққан кезінде бұл өмірден озуы өнер сүйер ортаға, үзеңгілес замандастарына, тәлім алған шәкірттеріне, жан-жары мен балаларына, туған-туысқандарына үлкен өкініш, орны толмас қайғы.
Серік Тайнов ҚР мәдениет саласының үздігі Халықаралық Тұран көркемөнер сыйлығының иегері
ФОТО ТАРИХ
Автор: Жанарбек Берістен Редакторлар: Раушан Базарбаева, Асылбек Губашов, Қабдрахман Отарбай, Серік Тайнов. Ағылшын тіліне аударған:Айбат Тұрсынәлі. Орыс тіліне аударған: Аида Қасымбаева, Диана Мұхитқызы Түзетуші: Шолпан Искалиева Мұқаба суретшісі: Жамбыл Құрмаш Дизайнер: Самал Алдабергенова
КЕСКІНДЕМЕ
Осы үш картинаға ізденіс жұмыстары ретінде төрт жұмысы белгілі. Сюжет түрінің дұрыс таңдалғандықтан композицияның негізгі заңдылықтары жақсы қойылған. Реалистік көру принципін сақтай отырып, суретші тым жақын көзқарасты қабылдады. Композициялық инстинкті тақырыптық картинамен жұмыс істеуде ерекше байқалады. Төрт картинасы барлығының есінде ашық пен қараңғының қарама-қайшылығына және үш басым түстің үйлесімі бойынша салынған: көк, жасыл және қоңыр. Төрт бейнеде де жас келіншектер киіндірілген. Мұның бәрі бір-бірімен үйлесім тапқаны соншалық, көрерменнің көзіне түсіп, эстетикалық ләззат сыйлайды. Бұл нобайлардың құрылысын талдай отырып, сурет композициясының бірқатар реалистік принциптерін және ең алдымен өнерде объективті түрде бар сәндік принципін белгілеуге болады.