Әли Бақтыгереев

Сары Үн

Жыл
2017
Материал
Кенеп, май бояу
Өлшемі
100×80 см
Жанр
Кескіндеме, Тарихи пейзаждар

Талантымен, уақыт пен күшін жұмсаған Әлидің осы тамаша жазылған туындысын көрген адам бей – жай қалмақ емес. Сурет көрінісі және оның эмоционалдық әсері ғажап. Тіпті, мұның танымдық мәні де жоғары. «Жан-тән-рухтан» жаратылған адам феноменінің тылсым құпиясын бейнелеуге түсірген. Тәңір мен ата бабамыздың өмір сүрген ортасын сырлы әлемге ұқсатқан.Үш туынды да мифтік фольклорлық таным көкжиегіне жол тартатын этно мәліметтермен толығып, бір арнаға тоғысуы да, көрерменді ойландырып еліктіріп отыруына негіз болғандай. Фольклорлық өлім тақырыбы ешкім батып бара бермейтін күрделі тақырып.

Жаназа.150x250.к,мб.2019., Сары үн. 80x100. к,мб.2017., Сарын.144,5x145.к,мб.2015 жұмыстар қазақ өнерінің алтын қорына қосылған Әлекеңнің үздік жұмыстары. Бұл жұмыстардың әрқайсысына екі жылдан уақыт кетті. Көптеген нобай, ізденістер жасалды. Бұл жұмыс мистикалық интуиция және танылмайтын шексіз ой толғандыратын құпияға толы. Көркем шығармашылық күрделі процес. Жан мен тәнге, жердегі өмір мен мәңгілік –ғарыштық мәселелеріне қатысты тақырыпты қаузағанда зерттеуші ретінде әлдеқайда тереңге кеткен. Шығармашылық жұмыстың жетістігі мағыналы мақсаттың болуы ғана емес, сыни бақылаудың күштілігі десек дұрыс болады.

— Жанарбек Берістен, «Әли Бақтыгереев. Халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты»

2017жылы жасалған «Сары үн». 80x100. Көлемдегі «Жаназа» картинасымен үндес.

Тақырыптық суреттің әсер ету күші оның көркемдік бейнесінің мазмұнында жатыр. Сары үн болғандықтан бірден музыкалық әуенге назар аударылады. Басына Тымақ киген қобызшы бірден көзге түседі. Қобыз аса киелі аспап. Оның қасиеті домбырадан да артық. Ол ежелден Тәңірмен байланыстыратын аспап ретінде аса көп ритуалдарда орындалған. Ыспалы аспапты христиан да, мұсылман да шайтанның аспабы деп, оның Тәңірмен байланыстыратын қасиетін жасырып қалған. Бұл картинада қайтыс болған жауынгер бейнеленген. Болашақ тағдыр Тәңірмен бірге мәңгілік өмір сүру. Қобызшы аза күйін тартып шығарып салып отыр. Жауынгердің жаны құс сияқты бейнеленген. Жоқтап отырған жас келіншектің қасына сырнай тартқан жас қыз бейнеленген. Картина бірден музыкалық тылсым медитациялық күйді көрсетуге арналған. Сия көк аспанмен астасқан сынтастар, жоғары әлемнің періштесі сияқты ақ киімді бейнелермен тылсымдалған. Аңырап жоқтаған бура да, күш көрсеткен бұқа да картинаға экспрессия беріп тұр. Шындық материалынан туындайтын, өмір құбылыстарын терең зерттеу нәтижесінде қалыптасатын көркемдік образ белгілі бір қиял ғажайып бейнелеу түрінде жүзеге асырылған. Көрерменді ойландыру үшін белгілі этномистикалық әсерлі образдар, шығарманың идеясын, көркемдік қасиеттеріне ие етіп, еркін қабылдатады.

Жалпы суреттің қасиеті мен мазмұны шымыр композициядан тұрады. Бұл композицияда назар аударатын және қиялды қоздыратын құралдар бар көрерменді бейнеленген нәрсені сезінуге мәжбүр етеді. Шығармада көркем образдың мазмұнын құрайтын сезімдер мен ойларға алаңдаушылық психологизм өте терең. Сюжеттік драманың айқындығы мен шынайылығы іс-әрекеттер, бейнелердің психологиялық сипаттамасының тереңдігі және олардың типтілігі, фигураларды топтастырудың табиғилығы, кеңістіктік құрылыстың айқындылығы, түстің қанықтылығы мен материалдық тығыздығы, арақатынасы массалары, қозғалыс, ырғақ, сияқты барлық құралдар, тәжірибелі Әлидің қолымен қажетті экспрессивтілікті жасап шыққан. Әлдеқалай жазыла салған кезекті дүние емес ішкі бұрқаныс, ширығып піскен ой, өзекті өртеген ащы сыры мен тәтті мұңындай естіледі. Суреттің әсері зор, эмоционалды күшті болғандықтан шығармада ашылған бейнелер соншалықты сенімді. Сондықтан көрермен бейнеленгенді қатты сезінеді.

— Жанарбек Берістен, «Әли Бақтыгереев. Халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты»

2017 жылы ол «Сары үн» деп аталатын картинаны жазды. Бұл жұмысы атауы, композициясы және идеясы бойынша «Сарынмен» үндеседі. Алдыңғы туындыдан ерекшелігі - арғы қазақ мифологиясындағы бұқа, күнбасты адам секілді фантастикалық образдар арқылы мистикалық атмосфераны күшейте түсуінде. Суретші бөгде өлшемдерге жол аша отырып, метафизикалық мәселелер мен болмыстың мәнін іздеуге құрылған әлемді бейнелейді.

— Жұмыстар альбомы және суретші туралы мақалалар, «Әли Бақтыгереев. Кескіндеме»