Әли Бақтыгереев

Жаназа

Жыл
2019
Материал
Кенеп, май бояу
Өлшемі
150×250 см
Жанр
Кескіндеме, Тарихи пейзаждар

Талантымен, уақыт пен күшін жұмсаған Әлидің осы тамаша жазылған туындысын көрген адам бей – жай қалмақ емес. Сурет көрінісі және оның эмоционалдық әсері ғажап. Тіпті, мұның танымдық мәні де жоғары. «Жан-тән-рухтан» жаратылған адам феноменінің тылсым құпиясын бейнелеуге түсірген. Тәңір мен ата бабамыздың өмір сүрген ортасын сырлы әлемге ұқсатқан.Үш туынды да мифтік фольклорлық таным көкжиегіне жол тартатын этно мәліметтермен толығып, бір арнаға тоғысуы да, көрерменді ойландырып еліктіріп отыруына негіз болғандай. Фольклорлық өлім тақырыбы ешкім батып бара бермейтін күрделі тақырып.

Жаназа.150x250.к,мб.2019., Сары үн. 80x100. к,мб.2017., Сарын.144,5x145.к,мб.2015 жұмыстар қазақ өнерінің алтын қорына қосылған Әлекеңнің үздік жұмыстары. Бұл жұмыстардың әрқайсысына екі жылдан уақыт кетті. Көптеген нобай, ізденістер жасалды. Бұл жұмыс мистикалық интуиция және танылмайтын шексіз ой толғандыратын құпияға толы. Көркем шығармашылық күрделі процес. Жан мен тәнге, жердегі өмір мен мәңгілік –ғарыштық мәселелеріне қатысты тақырыпты қаузағанда зерттеуші ретінде әлдеқайда тереңге кеткен. Шығармашылық жұмыстың жетістігі мағыналы мақсаттың болуы ғана емес, сыни бақылаудың күштілігі десек дұрыс болады.

— Жанарбек Берістен, «Әли Бақтыгереев. Халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты»

2019 жылы 150x250.к,мб. көлемінде орындалған «Жаназа» шығармасы үлкен философиядан туған ой. Әлидің үздік шығармаларының бірі. Көзі тірісінде керемет ойдан туған жұмыс екенін талай айттық.

Артқы планда қызыл арайлы мистикалық аспан, сынтас түріндегі мазарлар, бақсылықтың түрлі рәміздері, күн басты ғарыш жұмбақтары бой көрсетіп тақырыпқа екпін беріп, құпия мазмұнын арттырып тұр. Ортада малдас құрып отырған көсем мен қайтыс болған, сұлық жатқан жауынгер бірден көзге ұрады. Картинаның ең ғажап жері этнографиялық киім үлгілері бірінен бірі өткен көркем шешімдермен орындалған. Тұнып тұрған фольклор. Ежелгі мүйізді сақ жылқысы да, қошқар мүйізді бас киім киген жауынгер де, мүйізді дулығаны да, Сәукеленің небір түрлерін көресің. Бірінші пландағы жалаулы найзаны төмен түсіріп тұрған екі жауынгердің бас киімдері тіптен керемет.

Суретші сол ырымды, яғни дәстүрлік діни рәсімді осы көрініс арқылы көрсеткісі келген сыңайлы. Тек бұларға ғана емес суретші композициялық шешімді, тепе-теңдікті, түстердің өзара үйлесімділігін, байыптай отырып шеберлікпен шешім шығарған. Көптеген көрнекті туындылардың жасалу тарихы картинаның тұтастығы үшін оптикалық және сюжеттік орталықтардың сәйкес келуі міндетті екендігін, бұл сәйкестіктің сурет композициясының заңдылықтарының бірі екендігін айғақтайды. Ол бүйірлердегі фигуралармен шамадан тыс жүктелген, сонда да ортаға негізгі образдар назарды ұстап тұр. Бұл композициядағы поэтикалық әуен үлкен тапқырлық. Осылайша Әли бірлікке жете алған. Суретші қай жерде болмасын, ол өнер туындысында өмірдің барлық алуан түрлілігінің кездейсоқ үзіндісін емес, жалпы кең тынысты сипаттамасын бейнелеген. Орталық кейіпкерді таңдау процесінде шығармашылық қиялдың рөліне ерекше жүгінген. Таңғажайып, реалдық шындық пен тылсым әлеммен астастыра отырып жеке бөліктерді біртұтас көркемдік бейнеге айналдырған. Жан мен рухтың тәнмен арақатынасын біртұтас түсінік ретінде қабылдаған. Ата бабаларымыздың рух табиғаты мен рухани өмір туралы терең түсінік береді.

— Жанарбек Берістен, «Әли Бақтыгереев. Халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты»

Әли Бақтыгерей суретші және ойшыл ретінде өзінің шабытын «Тұран» феноменінен табады. Ол «Тұранды» географиялық және тарихи контекстте ғана емес, сондай-ақ қазақ жанының форма мен түске ие болатын экзистенциалды кеңістігі ретінде қабылдайды. Осы ізденісінің нәтижесі оның символикалық-философиялық апофеозы — «Жаназа» (реквием) картинасы. Бұл - өмір, өлім және халықтың рухани негіздері туралы терең ойларды бейнелейтін туынды.

«Жаназа» (реквием) картинасы Әли Бақтыгерейдің шығармашылық карьерасындағы аса маңызды оқиға. Бұл Данте Алигьеридің Мұқағали Мақатаев қазақ тіліне аударған «Құдіретті комедия» атты әдеби шығармасының әсерінен туған жұмыс. Суретші бұл туындысын Тұранның философиялық және мәдени аспектілерін біріктіріп, мифологиялық және фольклорлық образдармен байытылған көпфигуралы композицияда көрсетеді. Шығарма эпикалық күштілігімен көрерменнің назарын ұстап тұрып, композицияның орталығына қайта оралуына мүмкіндік береді. Әрбір элемент өткен мен қазіргі уақытты байланыстырып, қазақтардың мәдени дәстүрлеріне, өмір мен өлімге деген көзқарасына негізделген терең философиялық контекст жасады.

— Жұмыстар альбомы және суретші туралы мақалалар, «Әли Бақтыгереев. Кескіндеме»